Киелі Түркістанның рухани келбеті мен тарихи болмысын, мәдени байлығы мен заманауи даму бағдарын бір арнаға тоғыстыратын өңірлік логотип әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта жарияланған ашық шығармашылық конкурс аясында республика азаматтарынан түскен 55 жоба арнайы жұмысшы топтың сараптауына ұсынылды. Бұл бастама Түркістан облысының өзіндік айшықты келбетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында сәулетшілер, дизайнерлер, тарихшылар, өлкетанушылар сынды түрлі сала өкілдерінен құралған білікті жұмысшы топ логотип жобаларын жан-жақты талқылады. Әр ұсынылған нұсқаның тарихи тереңдігіне, мәдени үндестігіне, географиялық ерекшеліктерге сәйкестігіне, әлеуметтік-экономикалық дамуға сай болуына ерекше мән берілді.
Жобаларға қойылған басты талаптардың бірі – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бейнелеу, сондай-ақ геральдикалық нормалар мен рәміздік мәндерді сақтау болатын. Бұл шарттар байқауға қатысушыларға алдын ала түсіндіріліп, шығармашылық еркіндік пен мазмұндық нақтылық арасындағы үйлесімділікті табу – негізгі ұстаным ретінде белгіленді.
Жиын барысында жұмыс тобының мүшелері ұсынылған логотиптерге қатысты өз ойларын ортаға салып, түрлі пікірлер мен ұсыныстар білдірді. Әрбір жобаға тыңғылықты назар аударып, оның аймақтың рухани-мәдени кодына, заманауи талаптарға және елдік идеологияға сәйкестігіне терең талдау жасалды.
Жақын арада арнайы комиссия мүшелері үздік жұмысты іріктеп, Түркістан облысының ресми өңірлік логотипі ретінде бекіту жоспарланып отыр. Бұл рәміз облыстың ішкі және сыртқы имиджін қалыптастыруда, сондай-ақ өңірдің өзіндік брендін танытуда үлкен рөл атқаратыны анық.
Айта кету керек, бұл конкурсқа еліміздің кез келген азаматы қатысуға мүмкіндік алған болатын. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі шығармашыл азаматтардың тың идеялары мен креативті көзқарастарын ортаға салып, Түркістанның жаңа бейнесін ұсынуға үлкен мүмкіндік берді. Байқау жеңімпазы арнайы марапатпен және қаржылай сыйлықпен марапатталады деп күтілуде.
Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі, қазақ халқының рухани жүрегі. Сол қасиетті мекеннің жаңғырып келе жатқан бейнесін символдық түрде сомдау – үлкен жауапкершілік әрі мәртебелі міндет. Жаңа логотип тек бір графикалық белгі емес, ол – тұтас бір аймақтың тынысын, рухын, тарихи жадысы мен болашаққа бет алған даму жолын бейнелейтін терең мазмұнды рәміз болуға тиіс.