RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Келес өңірінде тіршілік нәрі – таза ауыз су халыққа үздіксіз жетуде

Келес ауданы – ауыл тұрмысының айнасы, тіршілікпен тікелей байланысқан қарапайым халықтың мекені. Бұл өңірде соңғы жылдары ауыз сумен қамту мәселесі басым бағыттардың біріне айналып, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылған ауылдардың саны жыл санап артып, тіршіліктің алтын арнасы – су мәселесі шешімін табуда.

Қазіргі таңда Келес ауданындағы Жүзімдік ауылдық округіне қарасты Ақсу және Оңтүстік елді мекендерінде ауыз су жүйесінің құрылысы қарқын алып, жобалық кесте бойынша іске асырылып жатыр. Бұл – аудан халқының өмір сүру сапасын арттыратын, тұрмыс-тіршілікті жеңілдететін игілікті істердің бірі. Аудан әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, құрылыс жұмыстарының барысы тұрақты назарда. Осы орайда Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев арнайы іссапармен құрылыс нысандарына барып, жергілікті жауапты мамандармен бірге жобалардың сапасын, мерзімін, инфрақұрылымдық үйлесімділігін тексеріп шықты.

Аталған жұмыстар арнайы мемлекеттік қор есебінен қаржыландырылып, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында аудандық прокуратураның бақылауында жүзеге асырылып жатыр. Бұл – мемлекеттің қаражаты ашық әрі тиімді жұмсалуын көздейтін оң қадам.

Жоспарға сәйкес, Оңтүстік елді мекенінде таза ауыз су жүйесінің құрылысы биылғы жылдың үшінші тоқсанында аяқталып, тұрғындарға толықтай қолжетімді болады деп күтілуде. Ал Ақсу елді мекені тұрғындары жыл соңына дейін сапалы ауыз суға қол жеткізбек. Бұл жаңалық – әсіресе күннің аптабында тіршілік нәрін күткен ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш.

Айта кетейік, бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і немесе 88,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл – өңірлік деңгей үшін өте жоғары көрсеткіш. Қалған 19 ауылда, атап айтқанда, Ақжол, Қауыншы Оңтүстік, Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Қосөткел, Жуантөбе, Жаңадәуір, Кеңдала, Ескіқорған, Құйған, Қияжол, Көгерту, Ақжар, Ақсу және тағы басқа елді мекендерде құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар – тек инфрақұрылымды жақсартуға ғана емес, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Себебі, таза ауыз су – елдің игілігі, ұлт денсаулығының кепілі. Келестегі бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеріп қана қоймай, ауыл өміріне тың серпін берері анық. Ең бастысы – халықтың тұрмысын жақсарту жолында нақты нәтиже, көзге көрінетін ілгерілеу бар.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Халықаралық күрес федерациясының президентін қабылдады

redaktor_rastimes

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ ТЕГІСШІЛ АУЫЛЫНДА СПОРТТЫҚ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ АШЫЛЫП, АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРІЛДІ

redaktor_rastimes

Түркістаннан Семейге – рухани жалғастықтың көрінісі: Түркістан облысы Абай еліне заманауи көрме орталығын тарту етпек

redaktor_rastimes

Пікір жазу