RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанның төріндегі тағылымды кеш: Роза Рымбаеваның мерекелік концерті

Тарих пен тағылым тоғысқан Түркістан шаһарында ұлт руханиятының жарық жұлдызына айналған, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты мерекелік концерті өтті. Сахна шымылдығы түрілген осы салтанатты кеш – Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесін иеленіп, Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылған өнер мерекесі болды.

Концерттің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, елдің атынан өнер иесіне жүрекжарды лебізін білдіріп, мерекенің мән-маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ежелден бабалардың ізі қалған, рухани жаңғырудың тірегіне айналған Түркістан соңғы жеті жылда көз алдымызда түлеп, дамудың жаңа белесіне көтерілді. Осы жаңғыру жолында ұлттық өнерге қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан, халқымыздың мәдени қазынасын асқақтатқан Роза Қуанышқызының Түркістан төрінде ән шырқап, елмен бірге мерекені бөлісуі – зор мәртебе.

Сахна төріндегі кеш «Керуен сарай» мәдени-туристік кешенінде өтті. Алдымен көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлап, сахнаны қыздырған – Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртістері. Артынша көптен күткен Роза Рымбаева көрермен алдына шығып, қазақ эстрадасының алтын қорына енген жауһар әндерін орындады. «Түркістан», «Балдәурен», «Сол бір кездер», «Туған ел», «Домбыра туралы баллада», «Тойға шашу», «Ғажайып шексіздік» сынды әндер тыңдарманның жүрегін тербеді. Кеш барысында Шәмші әндері де шырқалып, қазақ музыкасының алтын діңгегі ардақталды.

Кештің мазмұнына көркемдік әр берген жайт – сахнаға Роза Қуанышқызымен бірге ұлы Әли Оқапов пен немересі Мади Рымбаевтың шығуы болды. Әли мен Мади заманауи ырғақ пен лирикалық саздарды шебер үйлестіріп, көпшілік көңілін баурап алды. Әсіресе үшеуінің бірігіп орындаған «Ертеңіме сенемін» әні – кештің шарықтау шегіне айналып, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Сахна көркін арттыра түскен «Бисұлтан», «Самғау», «Балауса» би ансамбльдерінің кәсіби хореографиясы да айрықша атап өтуге тұрарлық. Би арқылы өрілген сахналық композициялар концерттік бағдарламаның мәнін тереңдетіп, рухани әсерін еселей түсті.

Тарихи тағдырын өнермен өрнектеген бұл күн – Түркістанның қайта жаңғыру кезеңіндегі жарқын бетбелестің көрінісі. 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған тарихи Жарлықпен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленген еді. Осы уақыттан бері өңірде мәдениеттен бастап, экономикаға дейін ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Түркі жұртының рухани астанасы ретінде Түркістан қаласы халықаралық деңгейдегі шаралардың ордасына айналды.

Биыл Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Түркістанға ерекше мәртебе беріліп, қаланың құзыреті мен ықпалы артты. Соның бір айқын дәлелі – осындай мазмұнды әрі мағыналы мәдени кештердің жиі өткізілуі. Бұл шаралар тек көңіл көтеру емес, ұлт болмысы мен мәдениетіне құрмет көрсету, тарих пен өнер сабақтастығын бүгінгі ұрпаққа жеткізу құралына айналып отыр.

Соңғы 7 жыл ішінде Түркістан облысының экономикасы 2,6 есе өсіп, жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция, инфрақұрылым, туризм сияқты негізгі салаларда мыңдаған жаңа жобалар қолға алынып, өңір жаңа деңгейге көтерілді. Бұл көрсеткіштер – мемлекет пен халықтың ортақ еңбегі, жасампаздыққа деген ұмтылысының нәтижесі.

Осылайша, Роза Рымбаеваның Түркістан төріндегі әсерлі кеші – тек мерекелік концерт қана емес, ол халықтың жүрегіндегі өнерге деген құрметтің, елдік сана мен руханияттың тоғысу сәтіне айналды. Бұл күн – ұлт өнерінің мәңгілігін, Түркістанның өркендеуін паш еткен өнегелі кеш ретінде ел есінде сақталары анық.

Ұқсас жаңалықтар

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ IT УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

redaktor_rastimes

Арал теңізінің құрғаған ұлтаны орманға айналады

redaktor_rastimes

Түркістанда 9 айда 747 млрд. теңгенің өнімі өндірілді

Пікір жазу