RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Жарқын жеті жыл: Түркістан өңіріндегі инфрақұрылым жаңғыруы

Түркістан облысы құрылғалы бері өңірдің әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымы түбегейлі жаңғырып, елді мекендердің ажары ашыла түсті. Бұл – тек сандар мен көрсеткіштер емес, бұл – ауыл-ауылдағы өмір сапасының артуы, әрбір отбасының күнделікті тіршілігіне жайлы жағдай жасалуы. Инфрақұрылым – өркениеттің өзегі. Осы жолда Түркістан өңірі жүйелі қадам жасап келеді.

Бүгінде ауыз сумен қамту деңгейі бұрын-соңды болмаған жоғары межеге жетті. Соңғы жеті жылда мүлде ауыз су жүйесі болмаған 30 елді мекенге жаңадан су құбыры тартылып, тозығы жеткен 13 ауылдың ескі жүйесі жаңартылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің саны 767-ге жетіп, 2,1 миллион халық таза ауыз суға қол жеткізді. Қамту деңгейі – 95,9 пайыз. Биыл тағы 30 елді мекенге су құбыры тартылып, 801 ауыл толыққанды ауыз сумен қамтамасыз етілмек.

Табиғи газ мәселесі де ерекше маңызға ие. 2018 жылдан бері өңірде 115 газ нысанының құрылысы жүргізіліп, аяқталды. Нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жетіп, «көгілдір отын» игілігін көріп отырған халық саны 1,8 миллион адамға жетті. Қамту көрсеткіші бүгінде 69,7 пайызды құрайды. Биылғы жоспар бойынша 45 елді мекенге газ тартылып, қамту деңгейі 75,3 пайызға жетпек.

Кентау қаласындағы 100 жылдық тарихы бар жылу орталығының жаңғыртылуы да – маңызды бастамалардың бірі. Тозығы жетіп, 85 пайызы ескірген кешен қайта жаңғыртылып, 6 қазандық толықтай жөндеуден өтіп, 6,6 шақырым магистралды жылу құбыры жаңартылды. Жақын болашақта бұл жұмысты одан әрі жетілдіру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында заманауи газ турбиналы станция салу көзделуде. Жоба құны – 148 миллиард теңге. Бұл станция жылына 240 МВт электр қуаты мен 160 Гкал/сағ жылу өндіретін болады.

Энергетика саласындағы тағы бір ауқымды жоба – «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, облыс аумағында 1 000 МВт-тық бу-газ қондырғысы бар электр станциясының құрылысы басталды. Бұл жобаның жүзеге асуы – тек инфрақұрылымның емес, жалпы экономиканың қуатты өсіміне тың серпін бермек.

Қазіргі таңда облыстың елді мекендерінің 98 пайызы орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. Қалған 2 пайыз – шалғайда орналасқан 16 ауыл баламалы энергия көздерін (күн панелі, дизель генераторлары) пайдаланады. 44 елді мекенге сапалы электр қуаты жеткізілді. 2024 жылы тағы 93 ауылды қамту жоспарланып отыр.

Осы жылдың соңына дейін облыс бойынша 64 табиғи газ нысанының құрылысы жүргізілмек. Соның ішінде 38 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 34 елді мекен алғаш рет табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Осылайша, жалпы қамтылған ауылдар саны 597-ге жетіп, облыстың газдандыру деңгейі 73,9 пайызды құрайтын болады.

Түркістан облысының соңғы жеті жылдағы ең ірі жетістігі – «сақалды құрылыстан» арылып, нақты нәтижеге қол жеткізуінде. Әрбір тартылған құбыр, жаңартылған жүйе – тұрғындардың тұрмысы мен өмір сапасының жақсаруы. Облыс басшылығы мен елдің бірлескен еңбегі арқасында ауылдан қалаға, қиялдан нақты іске дейінгі жол қысқарды.

Түркістан өңіріндегі инфрақұрылым жаңғыруы – елге деген қамқорлықтың, болашаққа сенімнің және бүгінгі еңбектің нақты нәтижесі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әрбір елді мекен өркениетке, жарық пен жылуға, су мен газға жақындай бермек. Түркістанның әр ауылындағы жарқыраған жарық, жайқалған тіршілік – жарқын жеті жылдың жемісі.

Ұқсас жаңалықтар

Жетісайдың жауһар жұлдыздары – спорт төріндегі салтанат

redaktor_rastimes

Ордабасы төрінде от тұтанып, ауылдарға жылу жетті: Тоқсансай, Береке мен Сарытоғайға табиғи газ берілді

redaktor_rastimes

Шардара жағасындағы жарқын жаз: Түркістанда шомылу маусымы салтанатты түрде ашылды

redaktor_rastimes

Пікір жазу