Соңғы жеті жылда Түркістан облысында құрылыс саласы бұрын-соңды болмаған серпінмен дамып, өңірдің келбеті түбегейлі өзгеріп, жаңа келешекке бет алды. Әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы – халықтың әл-а
уқатын жақсартудың ең басты көрсеткіші. Бұл тұрғыда Түркістанда жүзеге асырылған құрылыс жұмыстары аймақтың жаңғыруының нақты көрінісі саналады.
2018 жылы Түркістан облысы құрылған сәтте құрылыс жұмыстарының көлемі небәрі 140 миллиард теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 3,8 есе өсіп, 536,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл – тек сандар емес, бұл – жүздеген жаңа ғимараттың, мыңдаған отбасының баспаналы болғанының белгісі. Ең маңыздысы – тұрғын үй салу қарқыны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Егер 2018 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 388 мың шаршы метрді құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 3 есеге артып, 1 миллион 153 мың шаршы метрге жетіп отыр.
Осы уақыт ішінде 8 449 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үймен қамту жұмыстары да үздіксіз жүргізілуде. «7-20-25» бағдарламасы мен «Отбасы банкі» арқылы 5 000-нан астам отбасы қолжетімді бағамен кредиттік тұрғын үйге қол жеткізді. Сонымен қатар, жалға алған баспананың ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып, 2 000-нан астам отбасы осы қолдауға ие болды. Бұл – тұрғын үй саласында жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағыттағы саясаттың тиімді нәтижесі.
Жыл сайын жаңа үйлер бой көтеріп, халықтың тұрғын үйге қолжетімділігі арта түсуде. 2024 жылдың алғашқы жартысында өңірде 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 миллион 60 мың шаршы метрге дейін жетпек. Оның ішінде 231 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Көпқабатты үйлердің үлесі – 428,8 мың шаршы метр болса, қалған 631,2 мың шаршы метр жеке тұрғын үйлер үлесіне тиесілі. Нәтижесінде, биыл тағы 6 891 отбасы өз шаңырағына қол жеткізеді.
Халық саны артып, урбанизация үдерісі күшейіп жатқан тұста, Түркістан облысының тұрғын үй саясаты уақыт талабына толық сай келеді. Жаңа үйлер – бұл тек баспана емес, бұл – жылу мен шаттыққа толы отбасы ошақтарының, болашақ ұрпақтың мекені. Бұл – жаңа көшелер, жаңа мектептер, жаңа балабақшалар мен жаңа өмір сапасы.
Түркістанның еңселі шаңырақтары, бой көтерген зәулім үйлері – өңірдің өркендеуінің, ал халықтың қоныс тойы – ел игілігіне бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын жемісі. Бүгінгі қарқын сақталса, ертеңгі Түркістан – тек мәдени-рухани ғана емес, әлеуметтік әл-ауқаты мен тұрмысы жоғары заманауи қала боларына еш күмән жоқ.