RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарӘлеуметтік сала

Түркістанның өндірістік өрлеуі: Индустриалды аймақтар мен өнеркәсіптік парктердің дамуы

Жеті жыл бұрын құрылған Түркістан облысы бүгінде қарқынды экономикалық өрлеудің айқын көрінісіне айналды. Облысты өркендету жолындағы негізгі басым бағыттардың бірі – өнеркәсіп саласын дамыту. Бұл сала өңір экономикасының тірегі ғана емес, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашатын басты тетік. Сондықтан да соңғы жылдары Түркістанда өндіріс пен индустрияны өркендетуге баса назар аударылып, арнайы алаңдар құрылып, шетелдік инвестициялар тартылып, жаңа кәсіпорындар іске қосыла бастады.

Қазіргі таңда облыс көлемінде инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген, жалпы аумағы 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар да аймақтың өндірістік әлеуетін еселеп отыр. Бұл алаңдарда жалпы құны 42,4 миллиард теңгені құрайтын 52 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 195,4 миллиард теңгеге бағаланған 57 жобаның құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бұл – болашақта өңір экономикасы үшін жаңа тыныс ашатын өндірістік серпіннің бастауы.

Облыста алғаш рет жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Шағын өнеркәсіптік парк». Жалпы аумағы 100 гектарды алып жатқан бұл кешен екі кезеңмен іске асады. Жобаның аясында 152 өндірістік ғимарат салу, 308 миллиард теңге инвестиция тарту және 5840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда 11 жоба іске қосылып, алғашқы кәсіпорындар өз жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, 790 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл тағы да 29 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Бұл өз кезегінде 136,8 миллиард теңге инвестиция тартуға, сондай-ақ 1950 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Жергілікті нарықпен шектелмей, халықаралық серіктестіктермен тығыз байланыс орнату мақсатында облысқа шетелдік инвесторлар тарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Биыл Қытайдың «AVATAR AGRICULTURAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дрондарын өндіретін зауыт салу бойынша келіссөздер жүргізілді. Жобаның жалпы құны – 5 миллион АҚШ доллары, ал өндіріс қуаттылығы айына 600 дана дрон шығаруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Түркістанда «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны – 60 миллион еуро. Бұл кәсіпорын жылына 140 мың дана тоңазытқыш шығаруға қауқарлы. Зауыт екі кезең бойынша іске асырылады. Бұл жоба – облысқа жаңа технологиялар мен заманауи өндірістің келуінің жарқын көрінісі.

«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының тиімділігі дәлелденген соң, бұл үлгі өзге аудандарда да қолданылмақ. Қазіргі таңда Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында жаңа өндірістік парктер ашу жұмыстары басталды. Мәселен, Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркі салынып жатыр. Қазірдің өзінде 5 кәсіпкер өз өндірісін осы жерде ашуға қызығушылық танытып отыр. Ал Сауран ауданында орналасқан Иассы, Қарашық, Үшқайық және Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу көзделген. Бұл жұмыстар басталып кеткен, оның ішінде 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Өндірістік әлеуетті дамытумен қатар, оны үздіксіз энергиямен қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта жалпы қуаты 2,4 гигаватт болатын алты ірі энергетикалық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Сайрам ауданында қуаты 1000 мегаватт болатын бу-газ станциясы салынып жатыр. Сонымен қатар, Түлкібас ауданында – 320 МВт-тық, Кентау қаласында – 240 МВт-тық газ турбиналы станциялар бой көтермек. Бәйдібек ауданында – 350 МВт қуаттылықтағы жел электр станциясы, ал Сауран ауданында қуаты 300 және 185 мегаватт болатын екі күн электр станциясын салу жоспарланған.

Осындай ірі жобалар тек Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына серпін бермек. Түркістанның өндірістік өрлеуі – еңбек пен инновацияның ұштасқан жемісі. Алда талай биік белестер бар, және бұл жолда Түркістан уақытпен бірге ілгерілеп, жаңа жетістіктерге қол жеткізе беретіні сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Сарыағашта тұрмыстық қалдықтар игілікке айналуда: Қоқыстан жәшік өндіретін цех табысты жұмыс істеуде

Президент Сауд Арабиясы Корольдігіне құттықтау жеделхаттарын жолдады

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Иордания музейіне барды

redaktor_rastimes

Пікір жазу