RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САРЫАҒАШТАҒЫ ЖЕРГІЛІКТІ ӨНДІРІС ІШКІ НАРЫҚТЫ ОТАНДЫҚ ӨНІММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Сарыағаш ауданының Құркелес ауылдық округінде орналасқан «Bah-Asmar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік цехы күн сайын бір реттік қолдануға арналған 100 мың дана ыдыс-аяқ шығарып, өңір экономикасына тың серпін беріп отыр. Жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл өндіріс орнында 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жергілікті тұрғындарға нәпақа мен жаңа мүмкіндіктер сыйлап отырған кәсіпорын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосуда.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев өндіріс нысанына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Жаңа технологиялардың қолданылуымен өндірілетін өнімнің сапасына ерекше назар аударған аймақ басшысы кәсіпорын басшылығымен сұхбаттасып, алдағы жоспарларға қанықты. Цех директоры Ерлан Исаев аудан әкімін өндірістің даму келешегімен таныстырып, алдағы уақытта өндіріс қуатын арттыруды көздейтінін жеткізді.

Өз кезегінде аудан әкімі: «Кәсіпорындар – аудан экономикасының тірегі. Жергілікті өндірісті қолдау арқылы біз тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ете аламыз. Бұл – экономиканың тұрақтылығын сақтаудың бірден-бір жолы» деп атап өтіп, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.

Цехта пластик пен қағаздан жасалған экологиялық талаптарға сай бір реттік ыдыс-аяқтар өндіріледі. Бұл өнімдер бүгінде Сарыағаштың ғана емес, аймақтың да нарығын қамтамасыз етіп, сұранысты қамтып отыр. Ішкі нарықта тұтынушы сеніміне ие болған тауарлар өз сапасы және қолжетімділігімен ерекшеленуде. Осындай өндіріс орындарының көбеюі өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтап, кәсіпкерліктің жаңа көкжиегін ашады.

Сарыағаш ауданы соңғы жылдары өндіріс, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларында қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы ілгерілеуге «Bah-Asmar» секілді кәсіпорындардың қосар үлесі зор. Жергілікті шикізатқа негізделген әрі заманауи өндірістік үдерістерді енгізген мұндай нысандар – болашақта ауданның экономикалық тірегіне айналмақ.

Ұқсас жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДЕР — ҰЛТ РУХЫНЫҢ МАҢҒАЗ МҮСІНІ

redaktor_rastimes

ІТ-қызметтер мен өнімдер экспортын дамыту мәселелері қаралды

redaktor_rastimes

Бабалар үні – бірлік пен рухтың үнқатысуы

redaktor_rastimes

Пікір жазу