RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарҚоғам

Шардарадағы шынайы жанашырлық: Жас спортшыларға жол ашқан жаңа бокс залы

Шардара қаласының Төменгі Тоғай шағын ауданында ерекше маңызы бар оқиға – жаңа бокс залының ашылу салтанаты өтті. «ARLAN BOXING CLUB» атауымен бой көтерген бұл спорт нысаны – жергілікті азаматтардың туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігінің, өскелең ұрпаққа деген жанашырлығын білдіретін нақты іс. Ең бастысы, бұл зал ешқандай мемлекеттік немесе демеушілік қолдаусыз, ел ішіндегі еңбекқор азаматтар – білікті жаттықтырушылар Бексұлтан мен Ералы Өсерхановтардың жеке қаражатына тұрғызылған.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, бұл игі бастаманың өңір жастарының болашағына қосар үлесі зор екенін ерекше атап өтті. Ол спорттың тек денсаулықты шыңдайтын құрал ғана емес, жас ұрпақты тәртіп пен табандылыққа тәрбиелейтін рухани мектеп екенін айта келе, жас спортшыларға арналған кешеннің ашылуы – аудан өміріндегі маңызды тарихи сәт екенін жеткізді. Өз атынан спорт залға қажетті құрал-жабдықтар сыйға тартып, Бексұлтан Өсерхановты өңірдің әлеуметтік-спорттық дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Алғыс хатпен және Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады.

Іс-шараға жиналған халықтың қуанышына ортақтасқан ақсақалдар мен қоғам белсенділері де өз лебізін білдірді. Атап айтқанда, Мелдеби шағын ауданының биі, ауданның Құрметті азаматы Таңсықбай Сахов жаңа спорт нысанының ашылуы – ел болашағына салынған капитал екенін айтып, аудан әкімінің қатысуымен қызыл лентаны қиып, кешенді ресми түрде ашты.

Бұл нысан – тек қабырғасы биік ғимарат қана емес, армандар мен үміттердің ұясы. Мұнда әрбір бала жастайынан жеңіске деген сеніммен, еңбекке деген құрметпен өсіп-жетілмек. Ералы Өсерханов – аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы ретінде бұған дейін де қаншама шәкірт тәрбиелеп, аудан намысын қорғаған саңлақтарды шығарған тәжірибелі маман. Оның тәрбиесін көрген жастар бүгінде ел чемпионаттарында топ жарып жүр.

Мысалы, Ералы баптаған шәкірттердің бірі – Нұғман Қалдар – Қазақстанның үздік жас боксшыларының бірі ретінде танылса, Диас Керімбай – ел чемпионатының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ, Бердияр Таңсықбай, Данияр Сметулла және Айсұлтан Жоламан есімді жас спортшылар Түркістан облыстық чемпионатында жүлдегер атанып, өз ауданының абыройын асқақтатты.

Осындай жетістіктердің ар жағында – білікті жаттықтырушының қажырлы еңбегі, балаларға деген шексіз мейірімі және қоғам игілігі үшін жасалған таза ниет жатыр. Спорттың арқасында көптеген жасөспірім бос уақытын тиімді өткізіп, тәртіп пен табандылықты үйреніп, болашаққа сенімді қадам басуда.

«ARLAN BOXING CLUB» — тек спорт алаңы ғана емес, бұл – ауыл баласына үлкен арман сыйлаған кеңістік. Бұл залда талай чемпиондар шыңдалып, болашақта Қазақстанның ғана емес, әлемнің спорт ареналарында өнер көрсететін саңлақтар түлеп ұшатыны сөзсіз.

Жергілікті азаматтардың мұндай бастамалары – ел ішінде патриотизмнің, отансүйгіштіктің нақты көрінісі. Мемлекеттің дамуында дәл осындай жанашырлық пен азаматтық жауапкершілік ерекше рөл атқарады. Шардарадағы бұл спорт зал – ұрпақ үшін ашылған үміт есігі, ертең үшін егілген еңбектің жемісі.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ЖЫЛЫНА 90 МЛН ДАНА КІРПІШ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

redaktor_rastimes

Үкіметте экономиканы ырықтандыру және жекешелендіру мәселелері қаралды

redaktor_rastimes

Түркістанда145 инвестициялық жоба жүзеге асады

Пікір жазу