Тарих пен болашақ тоғысқан Түркістан өңірі халықаралық әріптестікке жаңа тыныс беріп отыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары – еліміздің аграрлық-индустриялық серпінін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған батыл қадамдардың бірі. Бұл сапар, әсіресе, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі өзара тиімді байланыстарды нығайтуға, озық технологиялар мен ауқымды инвестицияларды тартуға арналды.
Циндао – Қытайдың ең қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі. Мұхитпен көмкерілген, миллиондаған тұрғыны бар бұл мегаполис – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы өнеркәсіптік, сауда-логистикалық, агроөнеркәсіптік және инновациялық орталықтардың бірі. Осындай жаһандық деңгейдегі шаһармен орнаған байланыс Түркістан өңіріне жаңа мүмкіндіктер әкелері сөзсіз.
Сапар барысында Түркістан делегациясы Шаньдун провинциясының ірі компанияларымен мазмұнды кездесулер өткізіп, инвестициялық ынтымақтастық бағытында нақты жобаларды талқылады. Жалпы саны 20-ға жуық жаңа инвестициялық бастама – бұл тек экономикалық көрсеткіш емес, сонымен бірге халықаралық сенім мен стратегиялық серіктестіктің көрінісі.
Делегация мүшелері алдымен әлемге әйгілі «TSINGTAO BREWERY CO., LTD.» зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. 1903 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл алпауыт кәсіпорын бүгінде Қытай ғана емес, әлем нарығында да беделге ие. Жыл сайын 120-дан астам елге өнім экспорттайтын зауыт сырадан өзге, денсаулыққа пайдалы сусындар өндірісін де жолға қойған. Компанияның «TSINGTAO1903 Bar» жобасы – мәдениет пен бизнесті үйлестірген ерекше үлгі. Бұл кәсіпорынның инновация мен экспортқа бағытталған стратегиясы – Түркістандағы өндіріс орындары үшін маңызды үлгі, ал бірлескен жобалар аймақ экономикасын жаңа деңгейге көтеруге сеп болмақ.
Келесі іскерлік кездесу «Qingdao Sigma Chemical Co., Ltd.» компаниясымен өтті. Бұл кәсіпорын ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар мен экологиялық таза химиялық өнімдер өндіруде Қытайда алдыңғы қатарда. Кездесу барысында Түркістан облысының әкімі шегірткемен күрес, ауыл шаруашылығын химияландыру, және қауіпсіз өнімдерге деген сұраныс сынды маңызды мәселелерді көтерді. Жыл сайын дәріленетін жер көлемінің артуы – бұл саладағы технологиялық серпінді қажет ететіні анық. Облыс басшысы нақты жобалар аясында бірлесіп жұмыс істеуге шақырып, бұл бағыттағы ынтымақтастықты терең әрі жүйелі зерттеуді тапсырды.
Компания, сондай-ақ, электр жабдықтары мен құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Олар Қазақстанмен сауда-логистикалық байланысты нығайтуға мүдделі екенін де жасырмады. Бұл өз кезегінде өңірлік инфрақұрылымды дамытуға серпін бермек.
Сапардың тағы бір маңызды кезеңі – «Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен өткен келіссөздер. Бұл құрылым – Қытайдың стратегиялық жобаларын жүзеге асыратын негізгі қаржылық орталықтардың бірі. Қазіргі таңда холдинг 622,6 миллиард юань көлеміндегі активтерді басқарып отыр. Қорлар арқылы цифрлық трансформация, жасыл технологиялар, өңдеу өнеркәсібін дамыту сынды бағыттар қолдау табуда. Мұндай әріптестік Түркістан облысы үшін тұрақты инвестиция, озық технология және экономикалық қауіпсіздік кепілі бола алады.
Тараптар ауыл шаруашылығын терең өңдеуге қатысты бірнеше перспективалы жобаларды талқылады. Мысалы, Циндао өңірінде өсірілетін Дазэшань жүзімі – Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайына өте ұқсас жағдайда өсіріледі. Қытайлық кәсіпкерлер бұл жүзім түрін Түркістанда өсіруге бейімдеп, тәжірибе алмасуға дайын екендерін жеткізді. Сонымен қатар, көкөністі кептіру және терең өңдеу зауыты, жержаңғақ өңдеу орталығы, бизнес-қонақүй және туристік кешен салу сынды жобалар да жан-жақты қарастырылды.
Түркістан облысының әкімі бұл бастамаларды мұқият зерделеп, олардың іске асу жолдарын нақтылауды жауапты тұлғаларға жүктеді. Жаңа өндіріс ошақтарының ашылуы – аймақтың экономикалық бейінін әртараптандырумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға да сеп болады.
Сапар аясында қытайлық компаниялардың Түркістан өңіріне деген қызығушылығы ерекше байқалды. Инвестициялық ашықтық, қолайлы климат, стратегиялық орналасу – мұның бәрі шетелдік серіктестерге сенімді негіз ұсынып отыр. Бұл тек экономикалық байланыс емес, сонымен қатар мәдени, технологиялық, логистикалық және адами капитал саласындағы көпжақты серіктестікке жол ашады.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмысын жақсарту мен елге тікелей инвестициялар тарту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Біздің бұл сапарымыз – сол тапсырмалардың нақты көрінісі. Түркістан – рухани астана болуымен қатар, енді агроөнеркәсіп, индустрия және инвестициялық серіктестік орталығына айналуы тиіс. Қытаймен арадағы бүгінгі келіссөздер осы бағыттағы табысты қадамдардың бастауы болады деп сенеміз, – деді өңір басшысы Нұралхан Көшеров.
Осылайша, Түркістан мен Циндао арасындағы бұл кездесу – екі ел арасындағы экономикалық дипломатияның шынайы үлгісі. Бүгінгі бастамалар ертеңгі берекелі еңбек пен гүлденген өңірдің негізін қалайды. Бұл сапар Түркістан облысы үшін жаңа даму кезеңінің, жаһандық нарыққа жол ашатын кең мүмкіндіктер дәуірінің бастауы болары анық.