Елімізде инвестиция тарту мен өндірістік қуатты арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы үдерістен Түркістан облысының әлеуеті зор, тарихи әрі стратегиялық маңызы бар Арыс қаласы да шет қалмай, өңірлік дамудың қозғаушы күшіне айналып келеді. Қалада мемлекеттік саясат пен жеке сектор арасындағы тиімді әріптестік механизмдері арқылы халықтың әл-ауқатын арттыратын, тұрақты жұмыспен қамтуды көздейтін ірі жобалар іске асырылып жатыр.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде ағымдағы жылы іске асыру жоспарланған негізгі жобалар мен жетістіктерге тоқталды. Оның мәлімдеуінше, 2024 жылы Арыста жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Бұл бастамалар нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Ал өткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 15 млрд теңгеге тең 22 жоба сәтті жүзеге асып, 593 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Атап айтқанда, агроөнеркәсіп саласында ел игілігіне бағытталған ірі жобалар бар. Мәселен, «Түркістан Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 мың бас ірі қара малын бордақылауға арналған кешен мен 3 мың гектар алқапта жаңбырлатып суғару технологиясы арқылы мал азығын дайындау жобасын жүзеге асыруда. Ал «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігі 13 млрд теңге инвестиция бағыттап, 9 мың гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі арқылы мақта өсіруді қолға алған. Бұдан бөлек, «ALASH LOGISTIC» ЖШС 900 гектар алқапта мал азығын өндіру жобасын бастады. Бұл – Арыстың ауыл шаруашылығы саласын жаңа технологиялармен жаңғыртуға бағытталған нақты қадамдар.
Жалпы өңірлік өнім көрсеткіші де оң динамика көрсетуде. Биылғы жылдың алғашқы 4 айының қорытындысымен Арыстағы жалпы өңірлік өнім көлемі 13,9 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі де тұрақты өсім үстінде. 2023 жылы бұл көрсеткіш 10,3 млрд теңгені құраса, 2025 жылдың алғашқы төрт айында 4,4 млрд теңге көлемінде өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл – қала экономикасының әртараптандырылып, нақты сектордағы белсенділіктің артқанын білдіреді.
Инфрақұрылым саласындағы оң өзгерістер де ерекше назар аударарлық. Қаладағы екі жылу қазандығының тозуына байланысты оларды көмірден газға ауыстыру шешімі қабылданып, модульдік қазандықтар салынып, іске қосылған. Қазіргі таңда қаладағы барлық жылу қазандықтары экологиялық жағынан тиімді әрі үнемді табиғи газбен жұмыс істеп отыр. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды қадам болды.
Сондай-ақ, сапалы электр қуатымен қамту бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендерінде жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын ескірген электр желілері толығымен жаңартылды. Соның арқасында 1206 тұрғын тұрақты әрі сенімді электрмен жабдықталды.
Міне, Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан осы және өзге де жобалар өңірдің өндірістік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық әлеуетін жүйелі түрде арттырып келеді. Бұл игі бастамалар – Мемлекет басшысының өңірлердің теңгерімді дамуына баса мән беру саясатының жемісі. Арыста қолға алынған инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық жаңартулар қаланың ғана емес, күллі Түркістан облысының экономикалық қуатын еселейтін, ел игілігіне бағытталған стратегиялық серпінге айналуда.
Арыс – болашағы айқын, тіршілігі қайнаған, даму жолына түскен қала. Ел бірлігі мен мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл өңір инвестициялық тартымдылық пен әлеуметтік тұрақтылықтың үлгісіне айналып келеді.