RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтартуризм

Түркістан мен Маңғыстау: ынтымақтастық көпірі

Түркістан облысы — күн өткен сайын экономикалық серпін алып, инвестициялық әлеуетін арттырып келе жатқан өңірлердің бірі. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасына сәйкес, бүгінде бұл аймақта шетелдік және отандық инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Осы бағыттағы нәтижелі істер еліміздің өзге аймақтарының қызығушылығын туғызып отыр.

Жуырда осындай мақсатпен Маңғыстау облысынан арнайы жұмыс тобы Түркістанға іссапармен келіп, екі облыс арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, тәжірибе алмасу бағытында мазмұнды кездесулер өткізді. Делегацияны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асқар Қаныбеков бастап келді. Түркістан облысына жасаған бұл сапардың негізгі мақсаты – аймақта жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен және өндірістік мүмкіндіктермен танысып, өңірдің туристік және экономикалық әлеуетін зерделеу болды.

Сапардың алғашқы күні Маңғыстау облысынан келген меймандар Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовпен кездесті. Бұл жүздесуде өңіраралық әріптестікті нығайту мәселелері, даму бағдарламалары, бірлескен жобалар аясында тәжірибе бөлісу жайы кеңінен сөз болды.

Меймандар Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұраларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Олар «Ұлы дала елі» орталығында орналасқан мұражаймен танысып, бабалар мұрасын бойына сіңірген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ, көненің көзі саналатын «Күлтөбе» ескі қалашығына саяхат жасап, өңірдің бай тарихи қабатын өз көздерімен көріп, мол әсер алды.

Сапардың келесі күні қонақтар Түркістандағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында болды. Мұнда олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтқанда, «Жасыл Суық Қазақстан» ЖШС, «Aqniet Holding» ЖШС, «BNK Group» ЖШС, «Daulet Holding» ЖШС және «Тұран Су» ЖШС секілді компаниялар жұмыс барысымен танысып, өндірістік үдерістерге қанықты.

Бұдан бөлек, маңғыстаулық делегация Ордабасы және Сайрам аудандарындағы өндіріс ошақтары мен заманауи жылыжай кешендерінде болды. Түркістандағы қарқынды өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге куә болған қонақтар бұл үлгіні өз өңірлерінде енгізуге ықылас танытты.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында бүгінгі таңда 15 индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы басты инвестициялық алаңдар ретінде жұмыс істейді. Бұл аймақтарда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар мен жеңілдіктер қарастырылған. АЭА аясында бүгінде 129 жоба қолға алынған болса, соның 95-і нақты іске қосылып, өнім бере бастаған. Бұл – өңірдің даму динамикасының нақты айғағы.

Осылайша, Түркістан мен Маңғыстау арасындағы іскерлік байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, болашақтағы тығыз әріптестікке берік негіз қаланды. Екі өңірдің тәжірибе алмасуы, бір-бірінен үйренуі – еліміздің даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі екені анық.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесті

redaktor_rastimes

«Жастар. Энергия. Болашақ» Қостанайда есірткіге қарсы форум өтті

redaktor_rastimes

Пікір жазу