RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарҚоғам

Жүректен шыққан жақсылық: Шардаралық түлектердің жан тебірентер тартуы

2025 жылдың 24 мамыры – Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылы үшін есте қаларлық күндердің бірі болды. Ауылдың еңсесін тіктеп, жүректерге жылылық сыйлаған бұл күн ерекше бір қайырымды іске толы қуанышпен өрілді. Қоссейіт ауылдық округіндегі “Сырдария” жалпы орта мектебінің 2005 жылғы түлектері туған мектептерін тәмамдағандарына жиырма жыл толуын тек салтанатпен емес, сауапты іспен де атап өтуді жөн көрді. Олар ел ішінде көпке үлгі болатын ізгі бастама көтеріп, ауыл тұрғыны Бақтыбай Құрбановқа үш бөлмелі жаңа үйді сыйға тартты. Бұл оқиға ауыл жұртшылығының ғана емес, барша өңір халқының жүрегін тербеп, шынайы бірліктің, адамгершілік пен имандылықтың айқын көрінісіне айналды. Игі шараға арнайы келген Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Туребеков баспаналы болған отбасыны құттықтап, мерейтойларын сауаппен ұштастырған түлектерге шынайы ризашылығын білдірді.  Ол өз сөзінде: – Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары мен ардақты түлектер! Сіздердің ұйымшылдықпен атқарған бұл қайырымды істеріңіз бір отбасының тағдырын өзгертіп, үлкен қуанышқа кенелтіп отыр. Осындай азаматтық ұстаным мен бауырмалдық – ел бірлігінің, қоғамның тыныштығы мен берекесінің кепілі. Баршаңызға зор ризашылық білдіремін, – деп жүрекжарды лебізін білдіріп, аудан әкімінің атынан Алғыс хат табыс етті. Жан жылуын сыйлаған бұл шара барысында Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар мен ауылдың қадірлі биі Бауыржан Төлегенов те сөз алып, түлектердің бұл әрекетін үлкен азаматтыққа балап, жүректен шыққан баталарын берді. Олар өткенге тағзым жасап, бүгінгіні бағалап, болашаққа сеніммен қарауға үндеген бұл ізгілік ісінің ауыл жастарына үлгі болатынын ерекше атап өтті. Ата-бабалардан мирас болған «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл осындайда айтылса керек. Туған жерге тағзым етіп, өз ауылдасына баспана сыйлаған жүрекжұмсақ түлектердің бұл қайырымдылығы – ел есінде қалатын, көпке үлгі боларлықтай өнегелі іс. Олар бір ғана үй емес, тұтастай бір үміт сыйлады. Осындай асыл әрекеттер ауылдың рухын биіктетіп, адамдардың бір-біріне деген сенімін нығайтады. Қайырымдылықтың шын мәні – жүрекке жылу ұялату. Бұл жолы сол жылу Бақтыбай Құрбановтың шаңырағынан орын тапты. Туған мектептен түлеп ұшқан әр түлек осындай ізгілік жолымен ауылға оралар болса, ел болашағы – жарқын, берекелі болары анық.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан мен Словения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасарымен екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды

redaktor_rastimes

Ұлытау облысында департаментке басшы тағайындалды

redaktor_rastimes

Пікір жазу