RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарСаясат

Инвестиция – игілік көзі: Түркістанда ірі жобалар ашық талқыланып, нақты қадамдар белгіленді

Түркістан – түрленіп келе жатқан өлке ғана емес, шын мәнінде инвесторлар үшін де тартымды өңірге айналды. Ел болашағы үшін маңызы зор жобалар мен бастамалар осы қасиетті өлкеде жүйелі түрде жүзеге асып, нақты нәтижелерге жол ашып келеді. Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен Инвестициялық штабтың кезекті мәжілісі де осы мақсат жолындағы тың серпінге айналды. Мәжіліс барысында өңір экономикасына серпін беретін жобалар кеңінен талқыланып, кедергілер ашық айтылды, шешу жолдары ұсынылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиынды ашып, жиналған жауапты тұлғалар мен сала жетекшілеріне нақты әрі талапты тапсырмалар жүктеді. Әкімнің айтуынша, Түркістан үшін әрбір инвестициялық жобаның маңызы зор. Сондықтан бұл жобалар тек қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтиже беруі тиіс. «Бізге нақты нәтиже қажет. Осы мәжілісте қордаланған мәселелерді бүкпесіз айтып, нақты шешім жолдарын ұсынған жөн. Әрбір инвестор, әрбір жоба — өңір үшін маңызды тірек. Облыс әкімдігі тарапынан барлық тиісті қолдау көрсетіледі. Бастысы – жұмысты уақтылы әрі сапалы атқару», – деді өңір басшысы. Күн тәртібінде Түркістан өңірінің түрлі ауданында іске асырылып жатқан ауқымды жобалар таныстырылды. Айталық, Сайрам ауданында ет комбинаты мен ірі бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Бұл тек ішкі нарықты емес, сыртқы нарықты да сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Түркістан қаласында құрылыс саласына қажетті қаптама материалдарын шығаратын заманауи зауыт салу жоспары ортаға тасталды. Сонымен қатар, сэндвич-панельдер, жарық шамдарының түрлі түрлері, поролон, қасбеттік материалдар мен өндірістік полиэтилен қаптамаларын шығаратын ірі кәсіпорын жобасы да назарға алынды. Мәжілісте ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды шығаратын өндіріс орнының құрылыс барысы және Арыс қаласындағы минералды су мен алкогольсіз сусындар шығаратын цехты кеңейту жоспары туралы тың мәліметтер ұсынылды. Төлеби ауданында іске қосылмақ шағын гидроэлектр станцияларының да маңыздылығы ерекше аталып өтті – бұл баламалы энергия көзін дамытуға бағытталған ілкімді бастама. Сонымен қатар, Шардара ауданында жүгері өңдейтін зауыт, ал Мақтаарал ауданында мақта тұқымын өңдеу, тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығару өндірістерін іске қосу туралы жобалар егжей-тегжейлі сарапқа салынды. Бұл бастамалар өңірдің тек агроөнеркәсіптік әлеуетін ғана емес, индустриалды қарымын да арттыруға бағытталған. Жиын қорытындысында облыс басшысы барлық ұсынылған жобалардың нақты жүзеге асу мерзімін бақылауға алуды, кедергілер туындаған жағдайда тиісті органдар тарапынан дереу қолдау көрсетілуі керектігін қатаң тапсырды. «Инвесторға – сенім, жобаларға – сапа, тұрғынға – пайда» деген қағида Түркістан өңірінде нақты іске айналуы тиіс. Осылайша, кезекті Инвестициялық штаб отырысы құрғақ сөзге емес, нақты істерге құрылып, Түркістанның экономикалық даму бағытын бекемдей түсті. Бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи өндіріс ошақтары және өңір халқы үшін тұрақты табыс көздерінің кепілі болмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев телефон арқылы сөйлесті

redaktor_rastimes

Қазақстанда күн суытып, толассыз жауын жауады

admin_rastimes

Құрылыс саласындағы екі халықаралық көрменің ашылуы өтті

Пікір жазу