RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төріндегі тындырымды тірлік: Қала жолдары жаңғырып, көшелер келбеттеніп келеді

Түркістан – тарих пен тағылым тоғысқан мекен ғана емес, бүгінде заман талабына сай жаңарып келе жатқан өркениетті өңірдің айнасы. Жыл өткен сайын түрленіп, түлеп келе жатқан Түркістан қаласында көлік қозғалысының мәдениеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жол жөндеу жұмыстары қарқын ала бастады. Осы бағытта Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығында атқарылып жатқан құрылыс және инфрақұрылым нысандарын аралап, олардың жай-күйімен танысып, көзбен көріп, көңілге түйді. Сапар барысында өңір басшысы алдымен бірнеше көше бойындағы жол жөндеу жұмыстарының барысына тоқталды. Атап айтқанда, Қазыбек би мен О.Жарылқапов көшелері арасындағы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын төрт жолақты жолдың құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Қаржысы толық бөлінсе, бұл маңызды көше биыл толық пайдалануға берілмек. Сол сияқты, Тәукехан көшесінде де абаттандыру жұмыстары өз жалғасын табуда. Мұнда сапалы ұсақ түйіршікті асфальт төселіп, жүргіншілерге арналған кең аяқжолдар салынуда. Облыс әкімі бұдан кейін Б.Қалаби көшесін реконструкциялау жобасының барысымен танысты. Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын бұл жол төрт жолақтан тұрып, «Бекзат» шағынауданы тұрғындары үшін үлкен қолайлылық тудырады. Сонымен қатар, қаланың орталық бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, қозғалыс еркіндігін арттырады. Жобаның жалпы мерзімі 2024-2026 жылдар аралығын қамтиды. Қазіргі таңда 3,4 млрд теңгеден астам қаражат игерілген. Қалған қаржыны толық бөлу мәселесі пысықталуда. Жоба қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға септігін тигізері анық. Сапар қорытындысында Нұралхан Көшеров қала әкімі мен тиісті орынбасарлардың баяндамаларын тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Әр көше, әр қиылыс – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызы зор екенін баса айтты. Құр сөз емес, нақты бақылау мен сапа – басты талап екенін ескертті. Жалпы алғанда, биыл Түркістан қаласында ұзындығы 138,5 шақырым болатын 159 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланған. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы іс-шаралар кезең-кезеңімен орындалып жатыр. Жөнделген әр көше – жайлы тіршілікке бастар жол. Осылайша, Түркістанның күре тамырлары жаңғырып, көше келбетімен бірге тұрғындардың тұрмыс деңгейі де жаңа белеске қадам басуда. Бұл – тек жол емес, өркендеуге бастар жол!

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА «ОТБАСЫ LIFE» САЙЫСЫ ӨТТІ

redaktor_rastimes

Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы апат бойынша үкіметтік комиссияның есебін тыңдады

redaktor_rastimes

Мемлекет меншігіне қайтарылған қаржы — 171 млрд. теңге

Пікір жазу