RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
БілімЖаңалықтарҚоғам

ТҮРКІСТАНДА КОРЕЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛАДЫ

Көне Түркістан топырағында тағы бір ірі халықаралық білім ордасының іргесі қалануда. Жасампаз жобалардың ордасына айналып келе жатқан рухани шаһарда Оңтүстік Кореяның беделді жоғары оқу орны — «Woosong» университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқын алған. Бұл бастама — өңір жастары үшін шет мемлекетке шықпай-ақ халықаралық сапада білім алу мүмкіндігі.Облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы жиын өткізіп, университет құрылысының барысын, оқу орнының болашақ жұмыс жүйесін егжей-тегжейлі талқылады. Ол өз сөзінде:«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, елімізде шетелдік беделді университеттердің филиалын ашу — стратегиялық мақсат. Түркістанда бой көтеріп жатқан бұл оқу орны — жастарымызға үлкен мүмкіндік. Университет заман талабына сай материалдық-техникалық базамен, кәсіби профессорлармен және сапалы оқу құралдарымен толық қамтылуы керек. Жұмыстар уақтылы әрі сапалы атқарылсын», — деп жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Түркістан облысы әкімдігі мен Оңтүстік Кореяның «Woosong» білім қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға 2024 жылдың 1 сәуірінде қол қойылған болатын. Осы келісім негізінде Түркістанда ақпараттық технологияларға бағытталған университет құрылып жатыр. Ал 1 шілдеде әкімшілік ғимарат салу жөнінде инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісім жасалды. Құрылыс 2025 жылдың 15 маусымына дейін аяқталып, маусым айының соңында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыс 90 пайызға орындалған, нысанда 130 құрылысшы еңбек етуде. Университет ІТ саласы бойынша білім беретін төрт факультетті қамтиды. Жоспар бойынша бұл оқу орны 2340 студентке дейін қабылдай алады. Студенттер «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші өнеркәсіптік революция технологиялары», «Мультимедиа және веб-дизайн» бағыттары бойынша білім алады. Сонымен қатар оқу бағдарламаларын Қазақстан Республикасының мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкестендіру және тіркеу жұмыстары жүйеленіп жатыр. Білім ошағымен бірге студенттерге арналған 600 орындық жатақхана да бой көтеруде. Бұл құрылыс — жергілікті жеке кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асырылып, аяқталуға таяу. Облыс әкімдігі тарапынан студенттерге грант бөлу бойынша да нақты шаралар қолға алынған. Айта кету керек, бұл ауқымды бастама — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жобасы. Заман көшінен қалмай, жаңашылдық пен халықаралық серіктестікке бет бұрған Түркістан — білім мен болашақтың қаласына айналып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Қарағандыда Стамбулға тікелей рейс ашылады

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен телефон арқылы сөйлесті

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АӘК АЛУШЫЛАР САНЫ 2 ЕСЕ АЗАЙДЫ

Пікір жазу