Түркістан облысында білім саласы күн санап жаңарып, жаңа сапаға бет бұрып келеді. Ел болашағы – жас ұрпақтың сапалы білім алуына бағытталған тың бастамалар өз нәтижесін бере бастады. Биылғы жылы өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 жаңа білім ұясының құрылысы қолға алынса, оның 13-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп оқушыларға есігін айқара ашпақ.
Мектептер тек заманауи ғимараттармен ғана емес, қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына толық сай етіп жабдықталып жатыр. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында білім алушыларды оқулықпен қамту, ыстық тамақпен және қосымша біліммен қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер шешімін тауып келеді.
Бұдан бөлек, өңірдегі мектептерді жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдары облыс аумағындағы 115 мектеп күрделі жаңартудан өтеді деп жоспарланған. Ал биылдың өзінде 41 мектепті жаңғырту көзделіп отыр. Соның ішінде 15 білім ошағында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 26 мектепте ауқымды күрделі жөндеу басталды. Бұл шаралар ауыл мен қала мектебінің арасындағы білім беру сапасын теңестіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Жөндеу жұмыстары тек ғимараттардың қабырғасымен шектелмейді. Мектеп асханалары мен кітапханалары, спорт залдары мен пәндік кабинеттері, сынып бөлмелері заманауи құрал-жабдықтармен және жиһаздармен толық қамтылып, қауіпсіздік жүйелері жаңартылуда. Күрделі жөндеуден өтетін 26 мектептің алтауының шығыны облыстық бюджеттен қарастырылса, үшеуі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңғыртылмақ.
Айта кетерлігі, бұл жаңғыртылатын мектептердің көбі осыдан 30-40 жыл бұрын салынған. Енді олар жаңа дәуір талабына сай түлеп, келешек ұрпаққа сапалы білім мен жарқын болашақтың кепіліне айналмақ. Бұл – тек мектептің емес, елдің ертеңіне салынған сенімді негіз.