RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанда «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық жоспары аясындағы жұмыстар пысықталды

Биылғы жыл – еліміздің тарихында айрықша мәнге ие. Өйткені дәл осы 2025 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы атаулы мерекеге орай Үкімет тарапынан ауқымды бастама – «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мемлекеттілік пен демократиялық қоғамның негізі саналатын Конституцияның мерейтойына арналған бұл жоспар аясында республиканың барлық өңірінде тәрбиелік, танымдық, ақпараттық және ғылыми-практикалық бағыттарда іргелі істер жүзеге асады.

Түркістан облысында да бұл маңызды құжатты ел ішінде кеңінен насихаттау, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, Ата Заңымыздың мәні мен маңызын терең түсіндіру бағытындағы жұмыс жүйелі түрде қолға алынуда. Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, ұлттық іс-шаралар жоспары аясындағы өңірлік жұмыстар жан-жақты талқыланды. Мәжілісте жауапты басқарма басшылары мен сала өкілдерінің ұсыныстары тыңдалып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Ертай Алтаев өз сөзінде ұлттық жоспардың аясында өткізілетін әрбір іс-шараның мазмұнды әрі мақсатты болу керектігін баса айтты. Ол халықтың құқықтық санасын арттыруда, азаматтарға Конституцияның қадір-қасиетін түсіндіруде жауапты құрылымдардың белсенді жұмыс істеуін міндеттеді.

– «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» атты ұлттық жоспар тек бір реттік іс-шаралар легі ғана емес, бұл – азаматтық қоғамды нығайтуға, заң үстемдігін тереңдетуге бағытталған кең көлемді қадам. Әрбір ұйымдастырылатын шараның түпкі мәні – халыққа Ата Заңымыздың тұрақтылық пен құқықтық мемлекет кепілі екендігін жеткізу. Азаматтардың білімі мен құқықтық сауаттылығы артса, мемлекет те мықты бола түседі. Сондықтан бұл жұмыстарды жүйелі жүргізу – басты міндет, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын барысында жоспарланған 30-ға жуық іс-шараның мазмұны мен маңыздылығы кеңінен сараланды. Жобалардың аясында облыс көлемінде бірқатар іргелі шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, Конституциялық құндылықтарды дәріптейтін ғылыми-практикалық конференциялар, қоғамдық пікірталастар, салтанатты қабылдаулар мен марапаттау рәсімдері өткізіледі. Сонымен қатар құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған ашық сабақтар, мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы заңдар бойынша сайыстар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмақ.

Жоспарда әсіресе жастар аудиториясына ерекше мән берілген. Мектептер мен ЖОО базасында арнайы экскурсиялар, құқықтық викториналар, Конституция тақырыбында эссе және шығарма байқаулары өткізіледі. Ауылдық жерлердегі кітапханалар мен мәдениет ошақтары негізінде де көптеген танымдық-ағартушылық жобалар жүзеге аспақ.

Сондай-ақ, ата-ананың, баланың, білім алушының, еңбек етушінің құқықтарын қорғайтын конституциялық кепілдіктер туралы ақпараттық акциялар мен интерактивті флешмобтар, ашық көше шаралары ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар халықтың күнделікті өмірінде Ата Заңның нақты жұмыс істейтіндігін, әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін құндылық екенін ұғындыруға бағытталған.

Қорытындысында мәжіліс хаттамасы қабылданып, тиісті басқармаларға тапсырмалар берілді. Осы арқылы Түркістан облысында Конституцияның 30 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде, халықты кең қамти отырып ұйымдастырылады деген сенім бар. Ел Тәуелсіздігі мен заң үстемдігі – егіз ұғым. Ал Ата Заң – сол егіз ұғымның мызғымас тұғыры. Осы құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіру – бүгінгі буынның борышы.

Ұқсас жаңалықтар

ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

redaktor_rastimes

Түркістанда 9 айда 747 млрд. теңгенің өнімі өндірілді

Абай облысының активіне жаңа әкім таныстырылды

redaktor_rastimes

Пікір жазу