Түркістан облысында елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен және электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жүктелген маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық елді мекендерді сапалы әрі таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету көзделген.
Осы стратегиялық мақсатты жүзеге асыру аясында биыл Түркістан облысында 63 ауыз су нысанының құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен қомақты қаржы бөлінді. Ал сол жобалардың ішінен 30 елді мекенде жүргізіліп жатқан жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Атап айтқанда, Келес ауданында – 13, Сарыағашта – 9, Ордабасыда – 3, Отырар мен Бәйдібек аудандарында 2 елді мекеннен және Қазығұрт ауданында 1 елді мекен жаңа су жүйесіне қосылмақ.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау жүргізу, сапаны қамтамасыз ету және орын алған мәселелерді жедел шешу мақсатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен тұрақты түрде штаб отырыстары өткізіліп келеді. Кезекті отырыста да ол аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларының баяндамаларын тыңдап, жұмыс барысын пысықтады. Ол мердігер компаниялардың өкілдерімен жеке кездесу өткізіп, сапасыз және мерзімінен кешіккен құрылысқа жол берілмейтінін қатаң ескертті.
«Егер жұмысты талапқа сай, сапалы әрі уақытылы орындай алмайтын болсаңыздар, оны ашық айтыңыздар. Ондай жағдайда мердігерді ауыстыруға мәжбүр боламыз. Біз қаржы бөліп отырмыз, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан сіздерден тиянақтылық, жауапкершілік пен кәсіби біліктілік талап етіледі. Техникалық қадағалаушылар әрбір нысанның басына барып, құрылыс сапасын тексеріп, қолданылатын материалдардың талапқа сай болуын бақылауға міндетті. Егер кемшіліктер анықталса, тиісті шаралар қолданылады», – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Штаб отырысында сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев өңірдегі елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы кең көлемде баяндады. Жауапсыздық танытқан басшылар мен мердігерлерге қатысты нақты сын-ескертпелер жасап, тәртіптік шаралар қолданылатынын жеткізді.
Биылғы жылы облыс бойынша 64 газбен қамту жобасы іске қосылды. Жыл соңына дейін олардың ішінен 38 жобаның құрылысын аяқтап, 34 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарланып отыр. Қалған 26 жоба келесі жылға өтпелі жоба ретінде енгізілген. Қаржыландыру толық көлемде қамтамасыз етілген жағдайда, жыл соңына дейін тағы да 45 елді мекеннің 84 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізбек. Бұл өз кезегінде облыс халқының 89,4 пайызының табиғи газға қосылуын қамтамасыз етеді. Ал жалпы облыс аумағын 2027 жылға дейін газдандыру іс-шаралар жоспарына сәйкес, газ тартылған елді мекендер саны 765-ке дейін жеткізілмек.
Электрмен жабдықтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 45 нысанда электр желілері мен қосалқы станциялардың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 23-і пайдалануға беріліп, 19 елді мекендегі 28,2 мың халық сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Қазіргі таңда 18 нысандағы жұмыстар 90 пайызға орындалып, аяқталуға жақын. Сонымен қатар Төлеби ауданында 110 кВ-тық «Алатау», ал Жетісай ауданында 110 кВ-тық «Жетісай» қосалқы станцияларының құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыстар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тұрақты бақылауында. Әрбір жобаның сапасы мен орындалу мерзімі жіті қадағаланып, кемшіліктерге жол бермеу басты міндет ретінде алға қойылған.