Білім мен өндірісті ұштастырған жаңа серпін Түркістан өңірінде қарқын алып келеді. Сауран ауданы бүгінде инвестициялық жобалар тоғысқан, заманауи индустрия дамып келе жатқан аймақ ретінде танылуда. Бұл жолы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев арнайы жұмыс сапарымен ат басын осы өңірге бұрып, Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде орналасқан «SPK Turkistan» өндірістік паркінде болды.
Халық қалаулысы сапар барысында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс орнын аралап, ауыл шаруашылығы саласына қажетті озық технологиялармен танысты. Аталған кәсіпорын су үнемдеу мәселесінде шешуші рөл атқарып, ауыл шаруашылығына экологиялық әрі экономикалық тиімді өнімдер ұсынып отыр.
Бұдан бөлек, депутат «Aqniet Holding» кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Бұл компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірісімен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде аталған кәсіпорын еліміздегі 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда компания «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында стандартталған, сапалы және оқушыға ыңғайлы жиһаздар дайындап, ел мектептеріне жеткізуді жолға қойған.
Мұнымен шектелмей, «Aqniet Holding» «KazMedPribor» компаниясымен бірлесіп, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтар мен жиһаздарды да шығара бастаған. Бұл бастама – еліміздің әлеуметтік салаларын отандық өнімдермен қамтамасыз етуде маңызды қадам.
Иә, Сауран ауданы бүгінде тек ауыл шаруашылығымен емес, өндіріс пен инновацияны қатар дамытып келе жатқан жаңа экономикалық орталыққа айналуда. Мұндағы өндірістік парктер мен отандық кәсіпорындардың белсенділігі – өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынумен қатар, елдік жобаларға нақты үлес қосуда.