Сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін, ұлттың жүрек үніне айналған қасиетті домбыра күні – қазақ руханияты үшін ерекше маңызы бар мейрам. Осы орайда, күй құдіретін халқына мұра етіп қалдырған ұлы тұлға, дарынымен дала рухын өрген композитор, күйші-дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына және Ұлттық домбыра күніне орай Сауран ауданында «Домбыра – ұлттың үні» атты тағылымы терең, рухы асқақ мәдени шара ұйымдастырылды.
Бұл рухани кештің басты мұраты – қазақ халқының киелі аспабы – домбыраның ұлттық санамыздағы орнын, рухани һәм тарихи маңызын жас ұрпаққа кеңінен танытып, ата-баба аманаты болған осы асыл мұраны ұлықтау. Ұйымдастырушылар мен өнерпаздар бұл кеш арқылы елдің рухани өзегін жаңғыртуды, көне сарын мен жаңа толқын арасындағы алтын көпірді сақтап қалуды көздеді.
Мерекелік кеш барысында сахна төріне шыққан жергілікті өнерпаздар күмбірлеген күйдің күшімен көрермен жүрегін елжіретіп, халық әндерін нақышына келтіре орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Қос ішектің қоңыр үнімен ел мен жер тарихы шертіліп, күй арқылы ұлттың жан дүниесі көрініс тапты. Әсіресе, күй тартып, өнер көрсеткен шебер күйшілер мен жас домбырашылардың өнері зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл – өнердің ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасқандығының, ұлттық рухтың әлі де берік екендігінің дәлелі.
Домбыра – тек музыкалық аспап емес. Ол – қазақтың шежіресі, рухани коды, ұлттық болмыстың бірден-бір көрінісі. Оның шанағындағы әрбір үнде ел тарихы, жер дауы, адам тағдыры, ерлік пен махаббат, үміт пен тағзым жатыр. Сондықтан осындай шаралар – өткенді еске салып қана қоймай, болашаққа берілер аманаттың даусыз белгісі.
«Домбыра – ұлттың үні» атты бұл кеш – тек өнер кеші емес, рухани сабақ, ұлттық тәрбие алаңы. Күй өнері арқылы жастардың бойына елдік сана, отансүйгіштік, рухқа адалдық дарытылады. Осындай мәдени шаралар – ұлттық рухты жаңғыртуға, мәңгілік ел мұратын баянды етуге бағытталған маңызды қадам.
Кеш соңында ұйымдастырушылар мен өнер иелеріне алғыс айтылып, осындай рухани бастамалардың тұрақты түрде өтуі қажеттігі тілге тиек етілді. Себебі домбыра үнімен өрілген тарих – ұрпақ тәрбиесінің негізі, ел бірлігінің темірқазығы.
Домбыра – қазақтың рухы. Ол мәңгі күмбірлесін. Ұлттық өнеріміз – ұлтпен бірге жасай берсін!