Түркі дүниесінің жүрегі, рухани жаңғырудың алтын бесігі саналатын қасиетті Түркістан төрінде тағы да бір тағылымды әрі терең мағыналы мәдени іс-шара өз пердесін түрді. Бұл жолы ұлттық рухты жаңғырту, тіл мен тарихты ұлықтау мақсатында «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылған ерекше байқау – «Бабалар үні» деген атауға ие болды. Атауының өзі-ақ жүрекке жылы тиер бұл байқау биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейлі белесіне арналды. Ұлттық сананың тереңінен тамыр тартқан байқаудың басты мақсаты – елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан этнос жастары арасында қазақ халқының эпостық мұрасын дәріптеу, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге баулу.
Бұл — жай ғана көркемсөз байқауы немесе жаттаған жырдың жарысы емес, бұл — ұлт пен ұлыс арасындағы рухани үндестіктің, ортақ тарих пен тағдырдың үнқатысу алаңы, мәдени көпір. Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өткен бұл бастама – жүрек пен ойды тербеп, рух пен санаға серпін берген үлкен оқиғаға айналды. Байқау шымылдығы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжановтың жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Ол бұл жобаның маңызын айта келіп, мемлекетіміздегі этносаралық татулық пен бірліктің басты діңгегі – ортақ рухани кеңістікті қалыптастыру екенін атап өтті. Осы орайда, қазақтың эпостық жырларын жатқа айтатын этнос жастарының байқауы – шынайы патриотизм мен ұлттық бірегейліктің нышанына айналғаны сөзсіз.
Байқауға Түркістан облысына қарасты аудан-қалалардан келген түрлі этностардың жас өкілдері қатысып, қазақ эпосының інжу-маржандары саналатын жырларды жатқа айтып, ел мен жерге деген махаббатты көркем сөз арқылы жеткізді. Олар тек жыр жаттаумен шектеліп қалған жоқ, сол жырлардың мазмұнын жүрекпен сезініп, сахна төрінде тебіреніспен жеткізуге тырысты. Бұл – біріншіден, қазақ тіліне деген құрметтің көрінісі болса, екіншіден, мемлекет құраушы ұлттың мәдениетін құрметтеудің нақты мысалы.
Қазылар алқасының құрамын Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы жанындағы “Қоғамдық келісім” мекемесі басшысының орынбасары Ерназар Баетов бастап, қатысушылардың өнерін жоғары кәсіби деңгейде бағалады. Әрбір үміткердің шығарманы таңдауы, жырды жеткізу мәнері, тіл тазалығы, дауыс ырғағы, сахнада өзін ұстауы мен көркем сөз арқылы әсер ету қабілеті – барлығы әділ түрде таразыланды. Бұл қазылардың алдына үлкен жауапкершілік пен талғампаздық жүктегені анық.
«Бабалар үні» байқауының ерекшелігі — әр қатысушының бойынан тек өнерпаздықты ғана емес, терең рухани ізденісті де байқауға болатындығында. Эпосты таңдау арқылы әр жас өз жүрегіндегі қазақ халқына деген құрметін, елге деген сүйіспеншілігін көрсетіп, шын мәніндегі рухани сабақтастықтың дәнін сеуіп жатты. Қазақтың батырлық жырларында сомдалған ерлік, адалдық, отансүйгіштік, мәрттік сияқты ұлы қасиеттер этнос жастарының жүрегіне дарығанын көру – еліміздің кемел болашағына деген сенімді күшейте түсті.
Түркістан төрінде бастау алған бұл байқау – тек бір күндік шара емес, бұл – ұлт пен ұлысты біріктірген мәдени оқиға, бұл – ортақ тарихымыздың, тіліміздің, рухымыздың салтанат құруы. Қазақтың асыл мұраларын өзге ұлт өкілдерінің жаттап, жүрекпен сезініп айтуы – бұл еліміздегі достық пен татулықтың шынайы көрінісі.
Мұндай байқаулардың негізгі мәні – этнос жастарының бойында қазақ тілін үйренуге, оны құрметтеуге деген ынтаны арттыру ғана емес, олардың ел мен жер тағдырына бейжай қарамайтын, рухани тереңдікті бойына сіңірген азамат болып қалыптасуына жол ашу. Бұл – Мемлекет басшысы атап көрсеткен «біртұтас ұлт» қалыптастыру жолындағы нақты қадамдардың бірі.
Осылайша, «Бабалар үні» байқауы — Түркістан төрінде өткен мәдени шаралардың арасында өзіндік айшықты орны бар, ел ішіндегі этносаралық рухани байланысты тереңдеткен, ұлттық әдебиетті ұлықтаған, жас буынды рух пен өнерге баулыған ұлағатты мереке болды. Бұл байқау арқылы біз әр жүректе ұлттың үні, тарихтың лебі, ерліктің рухы бар екенін тағы бір мәрте терең сезіндік. Ендеше, осындай рухани жобалар жалғасын тауып, бірлік пен бауырмалдықтың, өнер мен өнегенің бастау бұлағына айнала бергей.