Ұлт рухының киелі белгісіне айналған қос ішекті аспапты ұлықтау мақсатында Абай ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Домбыра – асыл мұра» атты тағылымы мол әдеби-музыкалық кеш өтті. Бұл кеш – өнер мен әдебиетті тоғыстырған, домбыраның үні арқылы ұлттың тарихы мен болмысын зерделеген рухани мереке болды.
Шараның шымылдығын ашқан кітапханашы Сағындықова Гүлзат қазақ күй өнерінің шоқтығы биік тұлғасы – күй анасы Дина Нұрпейісова туралы кеңінен айтып, оның ұлттық мәдениеттегі орны мен өнердегі мұрасын жас ұрпаққа таныстыруды мақсат етті. Сонымен қатар, ол домбыра – тек музыкалық аспап емес, ол – халықтың жан дүниесін, рухын, тағдырын жеткізетін шежіре екенін ерекше атап өтті. Бүгінгі буын үшін бұл мұраның мәні мен маңызын дәріптеу – уақыт талабына сай өзекті міндет.
Мерекелік бағдарлама аясында күй өнерінің хас шебері, ұстаз Абылаев Орынбек шәкірттерімен бірге сахнаға шығып, қазақтың әйгілі күйлерін орындап, көрермендердің жүрегіне терең әсер қалдырды. Күмбірлеген күймен қатар, термелер мен халық әндері де шырқалып, ұлттық аспаптың құдіреті мен өнердің шексіз мүмкіндігі кеңінен насихатталды.
Күйдің шежіресіндей болып өрілген бұл кеште оқушылар мен ауыл тұрғындары домбыраның үнін тыңдай отырып, ата-бабаларымыздың рухын, салт-санасын, өмір философиясын сезінгендей күй кешті. Өнер арқылы ұлттың тарихын танып, тамырын сезінуге мүмкіндік алды.
Осындай рухани кештер – тек өнерді паш ету ғана емес, ұлттық тәрбиенің көзі, патриотизмді ұрпақ бойына дарытудың бірегей жолы. Домбыра – әр қазақтың жүрегінен орын алған киелі мұра. Оны ардақтау – өткенге тағзым, болашаққа жол.
«Домбыра – асыл мұра» атты әдеби-музыкалық кеш – елдің мәдени санасын жаңғыртқан, жас буынға ұлттық өнердің мәнін ұғындырған, тарихи мұраның жалғасын табуына негіз болған тағылымды шара ретінде ел есінде қалды.
Домбыраның қоңыр үні мәңгілік ұрпаққа өнеге болғай!
