2025 жылдың 3 маусымында Жетісай жұртшылығы үшін ерекше күндердің бірі болды. Себебі дәл осы күні Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде спорт рухын ұлықтап, жеңістің дәмін татқандарға арналған зор қуаныштың, мерейдің, құрметтің кеші өтті. Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған бұл марапаттау рәсімі – жай ғана ресми шара емес, бұл – мыңдаған сағат жаттығу залдарында тер төккен, жарыс жолында намысқа ту байлап, туған елінің абыройын асқақтатқан жас спортшылардың лайықты еңбегіне берілген ерен баға, жарқын болашаққа сенім мен шабыт сыйлаған салтанатты мереке еді. Бұл күні кештің көркін келтіріп, жастарға өнеге болып, олардың жеңісін елмен бірге бөлісуге арнайы келген құрметті тұлғалардың да қарасы қалың болды. Аудандық құрылымды бөлімнің басшысы Есбол Сейдалиев, ардагерлер кеңесінің төбе биі, ауданның құрметті азаматы Жақсылық Айнабеков, «Алпамыс батыр» мен «Көк түріктер қағанаты» республикалық қорларының төрағасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Оңғарбаев, ҚР Спорт қайраткері, Түркістан облысының құрметті азаматы Болат Жаңбырбаев, сондай-ақ клуб директоры Талғат Битуреев секілді тұлғалар шараның шоқтығын биіктетіп, жастарға жүрекжарды тілектерін арнады. Кеш барысында жасөспірім спортшылардың жарқын жетістіктері, спорттағы ерліктері, жаттықтырушылар мен қызметкерлердің ерен еңбектері ерекше аталып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Волейболдан Азия ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан чемпионы, жоғары лига үздігі Мұхтар Нұрасыл Асхатұлы мен бокстан U-22 санатындағы Қазақстан чемпионы, Шри-Ланкада өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ұлттық құраманың мүшесі Сапар Ерсұлтан Кенжебекұлы сынды ел мерейін асырған жас батырлар арнайы марапатқа ие болып, олардың аты аудан ғана емес, ел тарихында алтын әріппен жазылардай деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, бұқаралық спорт пен кәсіби даярлықты ұштастыра білген бапкерлер қауымы да назардан тыс қалмай, ерекше марапатталды. Атап айтқанда, талай чемпионды түлеткен Талғат Битуреев, бокс өнерінің өрісін кеңейткен Нұрлыбек Исақұлы, футболда өрнек салған Бақыт Ертайұлы, волейболдың жұлдыздарын баптаған Денис Ильясович, мүмкіндігі шектеулі жастар арасынан ел чемпиондарын шығарған Мақсат Мүсірұлы Қыдырша, бұқаралық спортты аудан халқына кеңінен насихаттаған Бекмұхамбет Мырзаханұлы, әлем чемпиондарына жол ашқан Бағдат Ахатұлы Әлімбеков және республикалық дәрежедегі жүлдегерлерді тәрбиелеген Алмас Қантөреұлы Рахматов сынды жаттықтырушылар өз саласының нағыз шеберлері екенін дәлелдеп, лайықты құрметке бөленді. Бұдан бөлек, жас жеткіншектер арасынан облыс және республика чемпионаттарында топ жарған талай бала марапат мінберіне көтерілді. Волейболдан облыстық чемпионаттың күміс жүлдегері Азиз Жанель, таэквондодан жүлде еншілеген Мирас Әбуов пен Дүйсен Альбина Кенжебекқызы, бокста күміс алған Айбар Оспан, үстел теннисінің облыс чемпионы Ұралов Мұхаммедәли Даулетбекұлы – бұлар Жетісайдың мақтанышына айналған жастар. Сондай-ақ, спорт клубының әкімшілік құрамындағы қызметкерлер – Нұрғали Мирзамуратов, Бақдәулет Нұржанов және өз саласының майталмандарына айналған Байболов, Қамбарбеков, Алдеберген, Асилбаев сынды мамандар бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлестері үшін арнайы марапаттарға ие болды. Осылайша, Жетісай спорт клубының 2024–2025 оқу жылындағы үздіктері тек өздерінің емес, тұтас ауданның мерейін асырды. Олардың бұл жеңісі – тек спорттық табыс емес, бұл – ұлт рухын көтерген, болашақтың шын батырларын тәрбиелеудегі орасан еңбектің жарқын жемісі. Салтанатты кеш соңында марапат иелеріне берілген қошемет пен құрмет, шынайы ризашылық пен толқуға толы сәттер – бұл спорттың тек дене жаттығуы емес, ол тәрбие мен рух, сенім мен елдікке бастар жол екенін дәлелдеп берді. Жетісай спорт клубының жеңімпаздары – елдің ертеңін жалғайтын қайсар ұл-қыздар, ал оларды шыңдаған ұстаздары – нағыз ұлттық рухтың шырақшылары. бірі.