Көне тарихтың алтын көмбесі, рухани құндылықтардың киелі мекені – Отырар өңірінде ел игілігіне бағытталған ілкімді істер күн санап қанат жайып келеді. Биылғы жылы аудан аумағындағы ауыл көшелерін жаңарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Осы игі жұмыстардың дені «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде. Бұл – ауыл инфрақұрылымын жақсартуға арналған нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі.
Атап айтқанда, биылғы жылдың өзінде аудан бойынша барлығы 49 көшеге ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жол – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен экономикалық дамуының басты күретамыры екені белгілі. Сондықтан асфальт төсеу, жол жамылғысын жаңарту секілді шаруалар – тек құрылыс қана емес, ел өмірінің сапасын арттыру жолындағы маңызды іс.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы осы жұмыстардың барысымен өзі танысып, Балтакөл ауылында орналасқан Тәукебай мен Б.Жұмағұлов көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына арнайы барды. Ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын бұл көшелерге асфальт жабындысы облыстық бюджет есебінен төселуде. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына айрықша мән беріп, әрбір істің кестеге сай әрі жауапкершілікпен атқарылуын қадағалауды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Отырар ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 863,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 325,9 шақырымы – облыстық маңыздағы жолдар болса, 109,7 шақырым аудандық жол мәртебесіне ие. Ал 427,7 шақырым ауылішілік көшелер мен жолдар жүйесін құрайды. Бұл дегеніміз – ауданның барлық елді мекендерін қамтитын үлкен инфрақұрылым кешені қалыптасқанын көрсетеді.
2025 жылға дейін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы тағы да 20,63 шақырым ішкі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен бірге жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен ұзындығы 26,8 шақырым болатын көшелерге ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Яғни келесі жылы да ауыл жолдарын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.
Бұл игі бастамалар – тек жол салу ғана емес, елді мекендердің келбетін көркейтіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық мәні бар жұмыстар. Жаңарған жол – ауылдың дамуына серпін беретін қуатты күш. Сондықтан бүгінгі қолға алынған әрбір жобаның артында ертеңгі күнге деген сенім мен үміт жатыр.
Отырар даласының жолдары жаңарып, ауыл келбеті күннен күнге көркейіп келеді. Бұл – мемлекеттің ауылға деген қамқорлығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істердің жарқын көрінісі.