Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ясауи Түркология Жазғы мектебі» тағы да түркі дүниесінің түп қазығын біріктіретін іргелі рухани алаңға айналды. Биылғы жазғы мектептің ерекшелігі — Өзбекстаннан арнайы келген Ташкент экономика және педагогика университетінің оқытушылары мен студенттерінің сапарында айқын көрініс тапты. Жеті күнге созылған тағылымды бағдарлама аясында қонақтар қазақ елінің рухани астанасы Түркістанның тарихымен, мәдениетімен және достықтың нышанына айналған мекемелердің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.
Сапар барысында Өзбекстандық 18 студент пен 4 оқытушы Қ.А.Ясауи университетінің ғылыми әлеуетімен, халықаралық бағдарламаларымен, мәдени-білімдік жобаларымен тереңірек танысты. Түркология, фольклортану, тіл білімі және этномәдениет бағытындағы дәрістер – олардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, қос елдің білім саласындағы ынтымақтастығының берік негізін айқындады.
Түркістан шаһарының тарихи-рухани нысандарына жасалған экскурсия – бағдарлама мазмұнын тереңдете түскен тағылымды сапар болды. Қонақтар әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Қылует жерасты мешітіне, Ахмет Ясауи музейіне, сондай-ақ «Керуенсарай» кешеніне барып, Түркі өркениетінің тамырымен танысты. Солардың ішіндегі ерекше әсер қалдырған орын – этносаралық татулық пен қоғамдық келісімнің ордасы саналатын «Достық үйі» болды.
Бұл рухани мекемеде қонақтарды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов пен Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров ыстық ықыласпен қарсы алып, еліміздегі ұлттар арасындағы достық, ынтымақтастық, бейбітшілік пен келісімнің үлгісіне айналған қоғамдық құрылымның жұмысы туралы кеңінен әңгімеледі. «Достық үйінің» басты мақсаты – Қазақстанда өмір сүретін барлық этностың мәдениетіне, тілі мен дәстүріне құрмет көрсету, ұлтаралық келісімді нығайту екені айтылып, қонақтар бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жазғы мектептің аясында университеттің халықаралық байланыстар департаментінің директоры Фурқат Дадажанов, «Түркология» институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Халил Четин және лингвистикалық орталық директоры Мұстафа Неркиз білім беру жүйесі, түркі тілдері мен мәдениетін зерттеу, халықаралық ғылыми жобалар жайында арнайы дәріс оқып, шетелдік қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Көптілді ақпараттық қолдау көрсетіліп, қазақ, өзбек және түрік тілдерінде бейнематериалдар мен таныстырылымдар ұсынылды.
Сапар соңында жазғы мектептің барлық қатысушысына арнайы сертификаттар табыс етіліп, университет атынан естелік бренд өнімдер үлестірілді. Өз кезегінде Өзбекстандық делегация өкілдері де ризашылықтарын білдіріп, университет ұжымына және «Достық үйі» басшылығына естелік сыйлықтар тарту етті.
Биылғы жазғы мектептің тағы бір ерекшелігі – тек Өзбекстан ғана емес, Эстония мен Әзірбайжаннан келген студенттердің де белсенді қатысуында болды. Олар да мәдени-танымдық шараларға бір кісідей атсалысып, түркі елдері арасындағы бауырластық байланыстарға өз үлесін қосты. Бұл бастама халықаралық достастықтың қанатын кеңейтіп, болашақтағы ғылыми серіктестіктерге жол ашары анық.
Жыл сайын ұйымдастырылатын «Ясауи Түркология Жазғы мектебі» – түркі халықтарының ортақ тарихын танып-білгісі келетін жастар үшін баға жетпес мектеп, ал халықтар арасындағы рухани, мәдени және ғылыми көпірдің берік тағаны. Бұл — ғылым мен білімнің ғана емес, достық пен туыстықтың да алаңы. Түркі рухы Түркістан төрінде тоғысып, болашақ ұрпақтың жүрегіне бейбітшілік пен бірлік идеясын дарытып жатқаны – ең үлкен жетістік.