Түркістан облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны таза ұстау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде нақты шаралар қолға алынуда. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей бақылауымен әзірленген жол картасы бойынша 88 іс-шара жоспарланып, соның 38-і тұрақты түрде жүзеге асып жатыр.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде осы бастаманың орындалу барысы талқыланды. Жиын барысында аймақ басшысы аудан-қала әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмысты салғырт атқарған кейбір басшыларға ескерту жасады.
— Президент тапсырмасы – формальді есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін берілген. «Таза Қазақстан» акциясы тек сенбіліктермен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Әрбір аудан, әрбір ауыл тазалықты сақтауда жауапкершілікті сезінуі қажет. Бұл – тек әкімдік емес, бүкіл қоғам болып атсалысатын үлкен мәдениет. Тиісті шараны орындамаған басшылар жауапқа тартылады, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, кей аудандарда халықты ақпараттандыру мен еріктілерді жұмылдыру ісінде белсенділік төмен екенін атап өтті. Сонымен қатар, спорттық, мәдени шаралар мен экологиялық тәрбиені жүйелі ұйымдастыру жағы кенже қалып отырғанын жеткізді.
Жиында жағажайлар мен демалыс аймақтарындағы тазалықты сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыс басшысы бұл аумақтарда бей-берекет қоқыстардың жиналуы, тазалық стандарттарының сақталмауы сынды келеңсіздіктердің алдын алу үшін рейдтік шараларды күшейтуді тапсырды. Осы мақсатта полиция қызметкерлерімен бірлескен тұрақты рейдтер ұйымдастырылып, бейнебақылау жүйелері орнатылады. Сонымен қатар, жағажай иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптарын бұзған кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылмақ.
Демалыс аймақтарында арнайы қоқыс контейнерлерінің санын арттыру, тазалық ережелері жазылған тақтайшалар, ескертпе белгілер мен баннерлер орнату мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Бұл – жай ғана көрнекілік емес, әр азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыратын құрал болуы тиіс.
Ресми мәліметке сүйенсек, осы жылы санитарлық талаптарды бұзған 13 757 жағдай бойынша хаттама толтырылып, жалпы сомасы 328,4 миллион теңгеге айыппұл салынған. Оның 181,2 миллион теңгесі өндірілген. Дегенмен, ауылдық округтерде рұқсат етілмеген қоқыс орындарының жойылмауы – өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Аталған бағыттағы рейдтер барысында 184 заңсыз күл-қоқыс орны анықталып, Түркістан және Кентау қалалары мен Түлкібас, Шардара, Сауран аудандарында заң бұзушылықтар көп тіркелген.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы жай ғана науқан емес, бұл – ұлттың сана деңгейін көрсететін, өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді бастама. Түркістан өңірінде бұл жобаға тек мемлекеттік органдар ғана емес, қарапайым тұрғындар мен еріктілер, кәсіпкерлер де атсалысуы тиіс. Қоғамдық мәдениет пен қоршаған ортаға деген құрмет осындай ортақ іске жұмылғанда ғана қалыптасады. Ал жол картасында белгіленген барлық іс-шаралардың орындалуы – облыс басшылығының тікелей бақылауында.