RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістаннан Семейге – рухани жалғастықтың көрінісі: Түркістан облысы Абай еліне заманауи көрме орталығын тарту етпек

Алаштың алтын бесігіне айналған Семей төрінде өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы ел руханияты мен өңірлік ынтымақтастықтың жаңа парағын ашты. Қазақстан Республикасы Парламенті мен Сенат депутаттары, шетелдік және отандық инвесторлар, Абай облысынан түлеп ұшқан кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері бас қосқан ауқымды жиында ел болашағы үшін маңызды бастамалар таныстырылып, тың жобалар талқыланды. Айрықша айтулы сәттердің бірі – Түркістан облысының Абай жұртына тарту ретінде заманауи үлгідегі көрме орталығын салып беруге ниет білдіруі болды.

Аталған форумға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің аппараты басшысы Еркебұлан Дауылбаев түркістандықтардың Абай еліне деген құрметі мен ағайындық ықыласын жеткізе келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Абай облысының тарихи мәні мен рухани маңызын ерекше атап өтті. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай басталған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында барлық өңірлер Абай облысының өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жатса, Түркістан облысы да бұл игі бастамадан шет қалмақ емес.

Еркебұлан Дауылбаев өз сөзінде: «Алаштың астанасы атанған қасиетті Семей топырағына Түркістан жұртының сәлемін алып келіп отырмын. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасымен біз осы өңірде жаңа көрме орталығының құрылысын қолға алмақпыз. Бұл – бауырластықтың белгісі, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сый ретінде салынатын бұл нысан Абай елінің мәдени және іскерлік әлеуетін арттырып, халықаралық және республикалық деңгейдегі шараларды өткізуге кең мүмкіндік береді. Түркістан мен Семей – екеуі де қазақ руханиятының алтын діңгегі. Сондықтан осы екі киелі өлкенің арасындағы байланыс одан әрі беки түсетініне сенеміз. Бұл – біз үшін мәртебе, әрі елдік жолдағы жауапкершілік», – деді.

Сыйға берілетін көрме орталығы – жай ғана ғимарат емес, ол мәдени серпіліс пен рухани өркендеудің ордасына айналады деп күтілуде. Ел ішіндегі ынтымақтастықты тереңдетіп, жасампаз идеялар мен ұлт игілігі жолындағы жобаларды ұштастыратын алаң болады. Орталықта көрмелер мен конференциялар, форумдар мен көркемөнер жобалары, ғылым мен мәдениетті тоғыстыратын бастамалар жүзеге асырылады. Яғни, Абайдың өлмес мұрасы мен Түркістанның тектілік тағылымы бір арнада тоғысып, жаңа дәуірлік диалог орнайды.

Бұл – бауырлас өңірлер арасындағы рухани көпір, ел болашағына ортақ жауапкершілікпен қараудың үлгісі. Бірлігі бекем, мақсаты биік елдің мұраты да осындай ізгі қадамдардан өрбімек. Түркістанның тартуы – Абай еліне деген құрметтің, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің жарқын белгісі.

Ұқсас жаңалықтар

Төлеби төрінде рухты көтерген рәміздер мерекесі өтті

redaktor_rastimes

Елге қызмет – ерлік жолы: Түркістан жастары Отан қорғауға аттанды

redaktor_rastimes

Сыртқы факторлардың ел экономикасына әсері талқыланды

redaktor_rastimes

Пікір жазу