Түркістан облысында ел игілігіне бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Соның бірі – табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі. 2024 жылы облыс аумағында 64 газдандыру жобасына тиісті қаржы қаралып, 34 елді мекенде 38 жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталмақ. Тағы 26 жоба 16 елді мекенде келесі жылға өтпелі ретінде жоспарланған. Жалпы 2027 жылға дейін өңірдің 765 елді мекенін көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Алайда бұл мақсатқа қажетті қаражат толық көлемде бөлінген жағдайда ғана қол жеткізу мүмкін. Ал қалған 42 елді мекеннің газдандыруы – олардың шалғай орналасуы мен экономикалық тиімсіздігіне байланысты әзірге жоспардан тыс қалып отыр.
Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланды. Аймақ басшысы газдандыру жұмыстары баяу жүргізіліп жатқан бірқатар аудан мен қала әкімдерін сынға алып, нақты тапсырмалар жүктеді. Ол газ құбыры жеткізілген елді мекендерде тұрғын үйлердің көгілдір отынға қосылуын жеделдету қажеттігін баса айтып, күнделікті есепті тұрақты ұсынуды міндеттеді. «Басты мақсат – жеткізілген газдың халыққа нақты пайдалануына жағдай жасау. Қолда бар инфрақұрылымды толық іске қосып, көрсеткіштерді нақты нәтижемен толтыруымыз керек», – деді өңір басшысы.
Жиында сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев атқарылған жұмыстар туралы баяндап, облыстың табиғи газбен қамтылу деңгейі республика бойынша 85,5 пайызға жеткенін айтты. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірлер арасында 8-орында. Дегенмен бұл табыс – меженің тек бір сатысы ғана. Себебі, әлі де болса Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Сауран, Ордабасы аудандарында газға қосылу деңгейі төмен. Ал Созақ ауданы әлі мүлде газдандырылмаған өңірлердің қатарында. Алайда бүгінде бұл бағытта оң қадамдар жасалып отыр. Аудандағы автоматты газ тарату стансасы мен елді мекендердегі ішкі газ жүйелерінің құрылысы толығымен аяқталған. Енді тек жобаның Жамбыл облысы, Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» нысанына қосылуын күту ғана қалып отыр.
Түркістан қаласының өзінде де көгілдір отынға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты тауарлық газ тапшылығы байқалуда. Қолданыстағы №15 «Түркістан» автоматты газ тарату стансасы өзінің шекті қуатымен жұмыс істеуде. Осыған байланысты қала маңында қосымша АГТС орнатылып, айналма газ құбырын тарту көзделуде. Бүгінгі таңда жобаның трассалық топотүсірілім жұмыстары жүргізіліп, тиісті органдармен келісу сатысында.
Жиында газдандыру жобаларын жоспарлау мен құжат әзірлеу бағытында жіберілген кемшіліктер де айтылды. Тиімсіз жобалар сараланып, қайта қаралмақ. Сонымен қатар газдандыру нысандарын коммуналдық меншіктен «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ балансына өткізу мәселесі қозғалып, оны шешу жолдары қарастырылды.
Жалпы облысты толық газдандыру – тек инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы емес, бұл – тұрғындардың өмір сапасын арттырып, экологиялық әрі экономикалық тұрақтылықты нығайтудың алғышарты. Осы жолда әрбір жауапты мекеме мен әкімдік тиісті жұмысты жүйелі, тиімді атқаруы тиіс. Ел күткен көгілдір отын игілігіне толық айналуы үшін жауапкершілік пен нақты нәтиже қатар жүруі қажет.

