Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты Мемлекет басшысының қойған міндеттері мен үкімет, министрлік деңгейінде бекітілген бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру үшін кешенді жоспарлар жасалып, нақты тапсырмалар берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі басшылық ететін салалар бойынша орындалу барысын мұқият қадағалап, аудан және қала әкімдерінің орынбасарларымен бірлесе отырып, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін кеңінен талқылады.
Ауыл шаруашылығы басқармасына жүктелген 279 тапсырманың 215-і толық орындалып, бақылаудан шығарылды. Сонымен қатар, облыстық жер қатынастары басқармасы 3, ветеринария басқармасы 5 тапсырманы орындағанын хабарлады. Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалану басқармасы 10 тапсырма бойынша жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.
Аудан мен қала әкімдіктерінің өкілдері тежеліп қалған кей тапсырмалардың орындалу мерзімдері туралы нақты есеп берді. Мысалы, Мақтарал ауданында су үнемдеу технологиясын 8 мың гектарға енгізу көзделген болса, бүгінге дейін оның тек 3,3 мың гектары игерілген. Оның ішінде 1 мың гектар шамасында мақталық алқап бар. Аудан жауапты қызметкерлері шаруашылықтар арасында су үнемдеу әдістерінің маңыздылығы мен пайдасын түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде.
Ордабасы ауданында жұмысшы топтың анықтауымен мал тіркелмеген 21,8 мың гектар жайылымдық жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша құжаттар рәсімделу сатысында тұр. Аудан әкімінің орынбасары бұл мәселенің мерзімінде толық шешілетініне сенім білдірді.
Отырар ауданында 5 айдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі 5,3 млрд теңгені құрады. Тамшылатып суғару әдісі 3,3 мың гектарға енгізіліп, межеге жету үшін тиісті жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда.
Нұрбол Тұрашбеков шаруашылықтармен, жеке фермерлермен, диқандармен тұрақты әрі тығыз қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын атап өтті.
«Бағдарламалар бізге түсінікті, себебі осы салада жүрміз. Ал қарапайым шаруаға түсіндіру, оның көзін жеткізу, қолдау көрсету – сіздерге жүктелген міндет. Түсінбеген сұрақтары болса, мамандардан сұраңыздар, шаруаны дамыту үшін барлық жағдайды жасауыңыз қажет. Ашық болыңыздар! «Мәселені шешемін» деген адам міндетті түрде жолын табады», – деп облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға жұмысты заң аясында ұйымдастыруды, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді қатаң ескертті.
Осылайша, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда, ал әрбір өзекті мәселе жүйелі шешімін тауып, өңірдің тұрақты дамуына серпін берілуде.