Түркістан өңірінде отбасы институтын нығайту мен әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024-2025 жылдар аралығында облыстың барлық қала және аудандарында «Отбасын қолдау орталықтары» құрылды. Бүгінде олардың саны 17-ге жетіп, өңір халқының тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерін шешуге дәнекер болып отыр.Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте осы орталықтардың жұмысын жетілдіру,
материалдық-техникалық әлеуетін күшейту, кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Жиын барысында жауапты басқарма өкілдері мен орталық директорлары өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова жүргізілген зерделеулер нәтижесінде бірқатар өзекті мәселелер анықталғанын баяндады. Атап айтқанда, орталықтарды жеке ғимаратпен қамтамасыз ету, интернетке қолжетімділігін арттыру, ең төменгі штаттық нормативтерге сәйкестендіру сынды мәселелер күн тәртібіне шығарылды. Сондай-ақ отбасылармен тікелей жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру қажеттігі атап өтілді. Бейсенбай Дәулетұлы мәжіліс барысында отбасы мәселесі – қоғамның іргетасы екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. «Отбасы – адамзат тәрбиесінің алтын бесігі, рухани тұтастықтың бастауы. Оның әл-ауқаты – елдің болашағы. Қоғамдағы түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін неке мен отбасы құндылықтарын сақтауымыз керек. Әсіресе, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік және құқықбұзушылықтардың алдын алу – ортақ міндетіміз. Осы бағытта әр аудан мен қалада қылмыс көп тіркелетін аймақтарды белгілеп, нақты жұмыс картасын құру қажет. Әлеуметтік осал топтар медициналық, психологиялық, құқықтық қолдаумен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауындағы маңызды мәселе», – деді ол. Қазіргі таңда Түркістан облысында 507 мыңнан астам отбасы тіркелген. Оның ішінде 127 мыңнан астамы немесе жалпы көрсеткіштің 25 пайызынан астамы әлеуметтік тұрғыда әлсіз санатқа жатады. Қуантарлығы, жыл басынан бері бұл көрсеткіш 13 пайызға төмендеген. Ақпараттық жүйелер арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын анықтау ісі жеңілдеп, мобильді топтардың көмегімен нақты деректер өзектендіріліп отыр. Биылдан бастап қиын жағдайға душар болған азаматтардың мәселесін ерте анықтау үшін FSM Social атты мобильді қосымша іске қосылды. Қазіргі таңда бұл жүйе арқылы отбасы жағдайын тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетерлігі, «Отбасын қолдау орталықтарының» басты мақсаты – отбасы саясатын жүзеге асыру, неке мен отбасылық құндылықтарды сақтау, тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бұл – қоғамды рухани жаңғыртудың және әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың берік негізі.