Киелі Түркістанда халық денсаулығын жақсартуға бағытталған ірі әлеуметтік жобалар қарқын алуда. Қазіргі таңда облыс орталығында заманауи «Ана мен бала» орталығы мен оңалту кешені бой көтеріп жатыр. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысып, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. Ең алдымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының қолдауымен салынып жатқан 80 төсек-орындық перинаталдық орталықтың алаңында болды. Бұл перзентхана – сәби өміріне бастар жолдың алғашқы мекені болмақ. Жалпы ауданы 17 288 шаршы метрді құрайтын, екі қабатты нысан 3,3 гектар аумақты алып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жер қазу жұмыстары толық аяқталып, іргетас құю және топырақ нығыздау жұмыстары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, облыс орталығында 1,56 гектар аумақта заманауи оңалту орталығының да құрылысы жүруде. Бұл жоба – шетелдік тәжірибемен ұштасқан, халыққа сапалы медициналық қызмет ұсынуға бағытталған маңызды қадам. Оны «YDA INSAAT SANAYI VE TICARET ANONIM SIRKETI» АҚ жүзеге асырып жатыр. Тапсырыс беруші – «TURKISTAN INTERNATIONAL AIRPORT» ЖШС. Ғимараттың жалпы аумағы 2227,41 шаршы метрді құрайды. Мұнда емделушілерге арналған тынығу орындары, балалар ойнайтын алаң мен барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтар қарастырылған. Жоба толық іске асқанда бұл орталық Түркістан халқының ғана емес, өңірдің медициналық туристік әлеуетін арттыратын маңызды мекемеге айналмақ. Құрылыс сапасы мен мерзімі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті назарында екенін атап өткен аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев мердігерлерге жергілікті құрылыс материалдарын кеңінен пайдалануды, ішкі әрлеу жұмыстары мен жабдықтарды отандық өнімдермен жабдықтауды міндеттеді. Құрылыс кестеден кешікпеуі тиіс екенін ескертіп, «сақалды құрылысқа жол жоқ» деп кесіп айтты. Сондай-ақ, орын алған кемшіліктерді жедел қалпына келтіру қажеттігін тапсырды. Түркістан төрінде бой көтеріп жатқан бұл медициналық нысандар болашақ ұрпақ саулығы мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалар ретінде өңір тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз.