RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төріндегі тың серпіліс: Банан бағы жайқалып, балық шаруашылығы дамып келеді

Еліміздегі өңірлік дамудың жаңа белестері мен кәсіпкерлік бастамалардың өрістеуіне арналған кезекті іссапар барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Түркістан облысына арнайы келіп, Сайрам ауданының шалғай елді мекендеріндегі ірі жобалармен танысты. «AMANAT» партиясы фракциясының белді мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев және Ұласбек Сәдібеков бастаған халық қалаулылары өңірдегі агроөнеркәсіп пен кәсіпкерлік салаларында жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға куә болды. Сапарға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, Сайрам аудандық мәслихатының төрағасы Шамхат Халмурадов, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов және ауыл ақсақалдары мен жергілікті кәсіпкерлер де қатысып, мәні мен мазмұны терең кездесулер өтті.

Іссапар аясында депутаттар алдымен Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Таскешу елді мекенінде орналасқан «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-нің заманауи жылыжай кешеніне атбасын тіреді. Бұл кешен ТМД кеңістігінде алғашқылардың бірі болып тропикалық аймақтың жемісі саналатын бананды жерсіндіру арқылы ерекше жобаны жүзеге асыруда. Жалпы аумағы 5,3 гектарды құрайтын жылыжай жылына 1 мың тоннаға жуық банан өнімін өндіріп, ішкі нарықты қамтып отыр. Жоба жетекшісі Тимур Утешевтің айтуынша, жылыжай 2023 жылы іске қосылып, алғашқы кезеңге 1,056 млрд теңге инвестиция тартылған. Жабдықтардың барлығы Түркиядан жеткізілген. Қазіргі таңда мұнда 15 адам тұрақты жұмыс істесе, маусымдық жұмыстарға қосымша тағы 15 адам тартылған.

Кешеннің болашағы бұдан да зор: екінші кезеңде банан бағы 4,8 гектарға кеңейтіліп, қосымша 5,4 гектар жерге қызанақ, 1 гектар аумаққа құлпынай отырғызу жоспарланған. Ал үшінші кезеңде 2,7 гектар жерде қияр өсіру қолға алынбақ. Жобаның барлық кезеңі табысты жүзеге асқан жағдайда, шаруашылық ішкі нарықты 1500 тонна бананмен, 120 тонна құлпынаймен, 3153 тонна қызанақпен және 1125 тонна қиярмен қамтамасыз етеді. Үш кезеңнің жалпы құны – 13,4 млрд теңге. Нәтижесінде 150-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Мемлекет тарапынан инфрақұрылымдық қолдау – су, жарық, газ және жер асты суын пайдалану үшін ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, толық қолдау көрсетілуде.

Мәжіліс депутаттары кәсіпкерлік нысанның жұмысын жоғары бағалап, мұндай жаңашыл жобалар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл экономикасын дамытудың нақты үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мақсатында аграрлық сала қызметкерлерін жаңа технологияларға үйрету қажеттігін көтеріп, бұл бағытта «AMANAT» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп жұмыс жүргізу және заманауи шаруашылық базасында партиялық бастауыш ұйым құру туралы ұсыныс айтты.

Іссапардың келесі нысаны – Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС-нің балық өсіру жобасы болды. Бұл жобаның жетекшісі Дәулеталы Абдраманов табиғи және жасанды тоғандар арқылы шабақ өсіріп, сапалы тауарлы балық өндіру ісін табысты жолға қойған. 259 гектар аумақты қамтитын кәсіпорын 13 табиғи және 13 жасанды тоған арқылы ақ амур, карп, сазан, дөңмаңдай сынды балық түрлерін өсірумен айналысады. Жылдық өнім көлемі – 721,6 тонна. Бұл балықтар толықтай ішкі нарыққа шығарылып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне зор үлес қосып отыр. Жоба құны – 750 млн теңге. Мұнда 19 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Кәсіпкер депутаттармен кездесу барысында балық түрлерін көбейту, жем өндірісін жолға қою, тоған шаруашылығын тиімді дамыту, су ресурстарын үнемдеп пайдалану және жеңілдетілген несие беру секілді маңызды мәселелерді ортаға салды. Сонымен қатар, осы саладағы мемлекеттік саясатты жүйелеу қажеттігін айтып, нақты ұсыныстарын білдірді. Мәжіліс депутаттары бұл ұсыныстарды назарға алып, тиісті салалық министрліктерге жеткізетіндерін мәлімдеді.

Түркістан өңіріндегі бұл сапар — жаңашылдық пен табандылықтың, кәсіпкерлік пен ел игілігіне бағытталған нақты істердің жарқын көрінісі. Банан бағы мен балық шаруашылығы – бұрын-соңды болмаған тың бастамалар ғана емес, ауылдың әлеуетін арттырып, елдің болашағын баянды етер іргелі жобалар. Осындай жобалар арқылы ауыл еңбеккерінің еңбегі еленіп, өңірдің экономикалық қуаты артып келеді.

Бүгінгі таңда Түркістан тек тарихи һәм рухани орталық қана емес, тың жобалар мен жасампаздықтың ордасына айналуда. Ел сенімін арқалаған халық қалаулыларының осындай мазмұнды сапары сол серпінді дамудың нақты дәлелі іспетті.

Ұқсас жаңалықтар

6 млн-ға жуық турист: Қазақстанда ішкі туристер саны артты

redaktor_rastimes

Мобильді аударымдар туралы не білуіңіз қажет

ЖИ бизнеске салық есебін дербес әрі онлайн жүргізуге көмектеседі

redaktor_rastimes

Пікір жазу