RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төріндегі тың серпіліс: ауыл шаруашылығында жаңа дәуір басталды

Түркістан өлкесінде ел тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды бастама қолға алынып отыр. Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа белесі – бір мезгілде 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суғару технологиясын енгізу арқылы жүзеге асуда. Бұл – мақта шаруашылығы мен жалпы агроөнеркәсіптің дамуына тың серпін берген, ел келешегіне зор үміт ұялатып отырған айтулы қадам.

Осыған орай Отырар ауданының құнарлы жерінде «Мақта дақылын жаңа технологиямен егудің тиімділігі» тақырыбында облыстық деңгейдегі ауқымды семинар-кеңес ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығын жаңа арнаға бұру жолдары талқыланды. Шара Түркістан облысы әкімдігі, облыстық прокуратура, Ауыл шаруашылығы басқармасы, Отырар және Арыс аудандары әкімдіктері мен «Түркістан» ӘКК бірлесе ұйымдастырған ауқымды жиын ретінде ерекшеленді. Семинардың басты мақсаты – жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, тыңайтқыштарды орынды қолдануды үйрету, мақта өндірісін жаһандық стандарттарға сәйкестендіру сынды маңызды мәселелерді талқылау болды.

Семинар бағдарламасы аясында қатысушылар «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі егіс алқабына барып, заманауи әдіспен өсіріліп жатқан мақта дақылдарының жай-күйімен танысты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған көрме ұйымдастырылып, мұнда тұқымдар, көшеттер, органикалық және минералды тыңайтқыштар, биоагенттер, агродрондар, гербицидтер мен пестицидтерді өндіруші компаниялар өз өнімдерін ұсынды.

Семинардың шымылдығын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ашып беріп, өз сөзінде елдің әл-ауқаты мен ауыл шаруашылығының тығыз байланысына назар аударды.

– Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына байланысты. Мемлекет басшысы бұл салаға айрықша мән беріп, су үнемдеу және озық технологияларды кеңінен енгізуді тапсырды. Түркістан облысында ауыл шаруашылығында жыл сайын 1 триллион теңгеден астам өнім өндіріледі. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Облыста 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, бұл ел бойынша тіркелген агроқұрылымдардың үштен бірін құрайды. Яғни бір миллионнан астам ауыл тұрғынының әлеуметтік жағдайы – осы саламен тікелей байланысты. Әлемдік деңгейде маңызды мәселелердің бірі – су тапшылығы. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы – су үнемдеу технологияларын жаппай енгізу, – деді облыс әкімі өз баяндамасында.

Сондай-ақ биылғы жылы 27 мың гектар жерге су үнемдеу жүйесі енгізілсе, жалпы көлемі 59 мың гектарға дейін жеткізіледі деп күтілуде. 2030 жылға дейін өңірдегі суармалы алқаптардың жартысы жаңа әдіспен суарылатын болады. Осы мақсатта жылдық қуаттылығы 113 мың гектар жерді қамтитын төрт бірдей отандық кәсіпорын іске қосылған. Бұған дейін дәстүрлі әдіспен гектарына 25 центнер өнім алынатын болса, қазіргі жаңа технология есебінен бұл көрсеткіш 60 центнерге дейін көтеріліп отыр. Яғни өнімділік 2,5–3 есеге артып отыр. Мұның өзі ауыл еңбеккерлері үшін үлкен жетістік әрі болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Жиынға ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ғылым өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқарма, бөлім басшылары, аудан, қала, ауыл әкімдері, агроқұрылым жетекшілері, кәсіпкерлер, сондай-ақ мақта өсірумен айналысатын шаруашылық иелері арнайы шақырылды. Семинар-кеңесті облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізіп, қатысушылардың пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын ортаға салды.

Семинар барысында бірқатар спикерлер өз бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, пайдалы ақпараттар ұсынды. Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев инвестицияларды қорғау жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндаса, «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС бас директоры Янь Цивэнь жоғары сапалы мақта егу базасын құру мен пайдаланудың жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС басшысы Амандық Қостақов отандық мақта сорттарының бәсекеге қабілеттілігі туралы айтса, «Таймас 2024» ЖШС басшысы Болат Құрақбаев Отырар ауданындағы өз тәжірибесін ортаға салды. «БНК АГРО» ЖШС директоры Ниязәлі Бейсенбаев болса, су үнемдеу технологиясының тиімділігіне жан-жақты тоқталды.

Аймақта бүгінде ауыл шаруашылығы саласын индустрияландыру бағытында маңызды жобалар іске асуда. Мәселен, «BNK Group LTD» ЖШС жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытты іске қосқан. Бұл зауыт 50 мың гектар алқапты қамти алады. Сонымен қатар, «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылына 9 мың гектар жерге арналған тамшылатып суғару жүйесін шығарады. «XINJANG IRRIGATION» компаниясы болса, жылына 40 мың гектар алқапқа арналған суару желісін өндіруде. Бұлар – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жобалар.

Түркістан облысында 2025–2026 жылдар аралығында толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру жоспары қолға алынған. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ ауқымды инвестициялық жоба. Оның аясында егіс алқабынан бастап дайын өнімге дейінгі барлық технологиялық кезеңдерді қамтитын төрт бірдей мақта өңдеу және тоқыма кешені құрылмақ. Қазірдің өзінде 32 мың гектар алқапта заманауи технологиямен мақта өсіріліп, жергілікті халық жұмыспен қамтылып отыр.

Осылайша, Түркістан төрінде ауыл шаруашылығының жаңа тынысы ашылып, озық технологиялар арқылы өңірдің экономикалық әлеуеті артып келеді. Бұл – жай ғана өндірістік жетістік емес, ел болашағы үшін жасалған сенімді әрі іргелі қадам.

Ұқсас жаңалықтар

Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні – әйелдер!

redaktor_rastimes

ҮЕҰ-ға арналған грант байқауы басталды

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

Пікір жазу