Түркістанның кең даласында, өмірдің сан тарау жолында тағдырдың ауыр сынына кезіккен жандарға жылы алақанын тосқан бір мекеме бар. Ол – Отбасын қолдау орталығы. Бұл орталықтар — ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен республика аумағындағы барлық аудан, қалада ашылған әлеуметтік қолдау орындары. Түркістан облысы да бұл бастамадан шет қалмай, өңірдің әр түкпірінде – барлығы 17 отбасын қолдау орталығы құрылды.
Жыл басынан бері өмірдің қиын кезеңінде қалған мыңдаған адам осы орталықтарға жүгініп, үміт пен сенімнің шырағын қайта жақты. Олардың жанынан табылып, демеу көрсеткен осы мекемелердің жылуында 4 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл орталықтардың жұмысын жіті бақылауға алып, арнаулы жиында олардың қызметі туралы есеп тыңдап, алдағы міндеттерді нақтылап берді.
– Аудан мен қаладағы орталықтарға жеке ғимараттар бөлініп, материалдық-техникалық базалары толық қамтамасыз етілуі тиіс. Қиын жағдайға душар болған отбасыларға тек бір реттік көмек емес, олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін кешенді сүйемелдеу шаралары жүйелі жүргізілуі керек. Мобильді топтардың жұмысын жандандырыңыздар. Ал аталған бағыттағы жұмыстарды елемеген әкімдердің орынбасарларына тәртіптік шара қолданамын, – деп нақты талап қойған аймақ басшысы мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Жиын барысында облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова есеп беріп, бір ғана 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 4782 өтініш түсіп, оның ішінде 426 ресми сигнал тіркелгенін жеткізді. Бұл деректер – қоғамда қолдауға мұқтаж азаматтардың аз еместігінің айғағы. Барлық өтініштер назардан тыс қалмай, заңгерлер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер тарапынан 4033 түрлі қызмет көрсетілді.
Адам тағдырына алаңдаушылық пен нақты көмек көрсетудің жарқын көрінісі ретінде кейбір орталықтарда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған уақытша жатын орындар ұйымдастырылды. Бұл орындар зардап шеккен жандарға бір айға дейінгі мерзімге бас сауғалап, психологиялық әрі әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік береді. Алайда, өкінішке қарай, кейбір аудан, қалаларда мұндай орындар әлі де қарастырылмаған. Бұл мәселе де әкімнің назарында.
Заманауи технологиялар да әлеуметтік салаға батыл енуде. Биыл орталықтардың жұмысын цифрландыру мақсатында FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл жүйе арқылы көмекке мұқтаж адамдарды ерте анықтау, оларды жедел сүйемелдеу, және жеке жоспарлар аясында жүйелі бақылау жүргізу мүмкін болды. Енді көмекке мұқтаж жанның даусы елеусіз қалмайды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы барлық аудан мен қалада мобильді жұмысшы топтар қызмет атқаруда. Бұл топтардың құрамында тек әлеуметтік сала мамандары ғана емес, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім беру, қорғаншылық және қамқоршылық қызметтерінен де мамандар тартылған. Жалпы саны 5 мыңға жуық маман бірлесіп, өңірдегі отбасы мен қоғамның әл-ауқатын арттыру жолында қызмет етуде.
Осылайша, Түркістан төріндегі Отбасын қолдау орталықтары – тек мекеме ғана емес, бұл – үміт отын үрлеген орын, қиын сәтте жебеп, қайта аяғына тұрғызатын нағыз әлеуметтік қамқорлықтың символы. Ел мүддесін көздеген бұл бастаманың әрбір әрекеті — қоғам тұтастығы мен адами құндылықтарды биік қоюдың көрінісі.