Ән мен рухтың алтын бесігіне айналған Түркістанда кезекті мәрте шоқтығы биік өнер мерекесі бастау алды. Биыл алтыншы рет шымылдығын түрген халықаралық «Voice of Turan – 2025» қазақ әндері фестивалі әдеттегідей асқақ шабытпен, ұлт рухын ұлықтаған жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында шырқалған сырлы әуен, әр халықтың жүрегінен төгілген қазақ әні – сан ғасырлық тарихы бар өнер мен мәдениет ордасын тағы бір мәрте жаһан назарына ұсынды. Тұран төріндегі осынау рухани шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал бастаған мәртебелі меймандар, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы келген қатысушылар қатысты.
«Керуен сарай» кешенінде өткен думанды кеш көрерменге мерекелік көңіл-күй мен шексіз шабыт сыйлады. Сахна төрінен әуелеген әндер тек құлаққа ғана емес, жүрекке де жетті. Қазақстандық өнерпаздармен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис пен Индонезиядан келген кәсіби орындаушылар да саф өнерін паш етті. Бұл – қазақ тілінің әуезі мен ұлттық ән өнерінің шет ел сахналарында да өз орнын тапқандығының, әлем халқының жүрегіне жол тапқандығының нақты дәлелі.
Фестивальдің басты мақсаты – қазақ әнінің мәртебесін биіктету, қазақстандық авторлардың шығармаларын халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау, сонымен қатар, күллі түркі жұртының рухани астанасына айналған қасиетті Түркістанның мәдени әлеуетін әлемге таныту. Фестивальді Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырса, бас продюсері – белгілі мәдениет ұйымдастырушысы Мейіржан Алиакбаров.
Фестивальдің негізгі музыкалық бәйгесі 21 маусым күні өтеді. Бұл күні қатысушылар қазақ әнін кәсіби деңгейде орындап, сахналық шеберлігі мен ұлттық музыканы меңгерудегі қабілетін ортаға салады. Қатысушылардың өнерін Қазақстанның танымал тұлғаларынан құралған беделді қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында – Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров және Ерген Айтымбетов бар.
Ал фестиваль қонақтары ретінде сахнаға қазақ эстрадасының сүйікті ұжымдары мен жұлдыздары – Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков, сондай-ақ португалиялық әнші Лара Алейшо шығып, өнер сүйер қауымға ерекше тарту жасайды.
Түркістанда бастау алған бұл халықаралық өнер додасы тек ән жарысы ғана емес, ол – мәдениеттер тоғысы, жүректер үндестігі, қазақ әнінің әлемдік сахнаға жол тартқан алтын көпірі іспетті. Рух пен саз астасқан бұл кеш Түркістанның рухани болмысын айшықтап, киелі шаһардың мәңгілік мәдениет бесігі екенін тағы да бір мәрте дәлелдеді.