Түркістан төрінде өндірістік әлеуетті арттыру жолында тағы бір маңызды бастама қолға алынуда. Облыстың өнеркәсіп саласындағы мүмкіндігін тиімді пайдалану және өңірді ірі индустриалды хабқа айналдыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік тоқыма өндірісі бойынша танымал компанияның бас директорымен кездесті. Келелі жиында мақта өңдеудің толық циклін қамтитын ірі өндіріс орнын салу, жоғары сапалы маталар мен дайын киімдер шығаратын зауыт ашу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуде аймақ басшысы Түркістанның аграрлық әрі индустриалды әлеуетін атап өтіп, мақта-тоқыма кластерін құру – өңірдің стратегиялық бағыты екенін жеткізді.
«Біздің басты мақсатымыз – Түркістанды тек ауыл шаруашылығының ғана емес, жеңіл өнеркәсіптің де орталығына айналдыру. Осы бағытта мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Қазірдің өзінде толық циклді қамтитын бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Сіздер ұсынып отырған жоба да біз үшін аса қызықты әрі маңызды. Біз жергілікті шикізатты терең өңдеп, қосымша құны жоғары өнім шығаруға ниеттіміз. Сондықтан бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Қажетті құжаттарды рәсімдеу, инфрақұрылыммен қамту, заңдық сүйемелдеу мәселелері жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында болады. Әрине, нақты шарттар мен талаптар бар. Барлығын заң аясында анықтап, өзара түсіністікпен меморандум негізінде бекітеміз», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Инвестициялық жобаның ауқымы өте кең. Тоқыма өндірісі үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде – роторлық иіру өндірісі, екінші кезеңде – сақиналы иіру, ал үшінші кезеңде – джинсы матасын шығаратын заманауи өндіріс кешені іске қосылады. Сонымен қатар, жоғары сұранысқа ие киім-кешек тігетін зауыт салу жоспары да қарастырылып отыр.
Жоба үшін арнайы «TURAN» арнайы экономикалық аймағынан 20 гектар жер телімі бөлінбек. Бұл аймақ – логистикалық, экономикалық, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, инвесторлар үшін тиімді жағдай жасалған кеңістік.
Компания басшысы өз кезегінде Түркістанды таңдауына бірнеше нақты себеп бар екенін айтып өтті. Біріншіден, жергілікті шикізаттың молдығы мен еңбек нарығының әлеуеті, екіншіден – инфрақұрылымның қолжетімділігі және облыс әкімдігінің ашық әрі қолдаушы саясаты. Инвестор биылдың өзінде құрылысты бастап, келесі жылы жобаның бірінші кезеңін аяқтауға мүдделі екенін жеткізді.
«Біз жоғары сапалы жіп иіру, матамен қамту және тігін өндірісі бағытында ауқымды тәжірибеге иеміз. Бүгінде өнімдеріміз Еуропа мен Азия нарығында жоғары сұранысқа ие. Қазақстанда мұндай жобаны алғаш рет іске асырып жатырмыз. Түркістанның мүмкіндігіне сендік. Бұл өңір – болашағы зор мекен», – деді компания өкілі.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – 100 пайыз жергілікті шикізатты пайдалана отырып, өнімді экспортқа бағыттау. Яғни, өндірілетін мата мен дайын өнімдер Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері, соның ішінде Орталық Азия, Ресей және Еуропа нарығына жол тартатын болады. Бұл өз кезегінде Түркістан экономикасына қомақты пайда әкеліп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, экспорт әлеуетін арттыру, отандық жеңіл өнеркәсіпті нығайту сынды бірқатар маңызды бағыттарды қамтиды.
Ауқымды жоба – өңірлік индустрияны жаңғыртуға, мата және тігін өндірісі саласында халықаралық стандарттарды енгізуге, экологиялық тиімді әрі жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба аясында жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, Түркістан жастары жаңа кәсіби бағытта білім алып, еңбекке араласуға жол табады.
Кездесу соңында тараптар инвестициялық келісімдерге келіп, нақты техникалық-экономикалық негіздеме дайындау және алдағы әрекеттер бойынша жол картасын бекітуге уағдаласты.
Бұл келіссөз – Түркістанды тек тарихи-рухани орталық емес, өнеркәсіптік даму орталығына айналдыру жолындағы үлкен қадам. Болашақта бұл бастама ел экономикасының жеңіл өнеркәсіп саласындағы серпінді жобаларының бірі болмақ.