Тарих пен бүгінді, руханият пен экономиканы табыстыра білген Түркістан бүгінде тек рухани астана ғана емес, сонымен бірге инвестициялық хаб ретінде де әлем назарын аударып отыр. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың экономикалық әлеуетін кеңінен таныстырып, Қытай Халық Республикасының Шанхай өңірінен арнайы келген ірі кәсіпкерлер делегациясын қабылдады.
Кездесу барысында облыс басшысы Түркістанның қазіргі тыныс-тіршілігі, даму бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде кеңінен баяндап, шетелдік кәсіпкерлерге жылы ілтипат білдірді:
– Тарихы терең Түркістанға қош келдіңіздер! Сіздердің Шанхай қаласында біздің облыстың туристік әлеуетін насихаттауға арналған ақпараттық кеңсе ашу бастамасына қолдау білдірулеріңіз – өңіріміздің туризм саласы үшін аса құнды қадам. Біз тек туристік бағытпен шектелмей, ауыл шаруашылығы, өндіріс, терең өңдеу салалары және басқа да бағыттар бойынша өзара тиімді серіктестік орнатуға мүдделіміз. Облысымызда арнайы экономикалық аймақтар, индустриялық аймақтар, өндірістік парктер жұмыс істейді. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге толық дайынбыз, – деді әкім Нұралхан Көшеров.
Қытайлық делегация өкілдері Түркістан өңірінің мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, нақты инвестициялық жобаларды талқылауға әзір екендерін жеткізді. Олардың айтуынша, Түркістан облысы – Қытай нарығына да, Еуропаға да тиімді экспорттық бағыттарға жол ашатын геостратегиялық маңызы бар өңір.
Атап айтқанда, шетелдік инвесторлар алманы терең өңдеп, шетелге экспорттау, ұн және наубайхана өнімдерін өндіру, киім тоқу және дайын өнімдерді шет елге шығару, түсті металдарды терең өңдеу сынды нақты жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді. Сондай-ақ, олар Қытай аумағында Түркістанның көрікті туристік орындары туралы кең көлемде ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отырғандарын айтты.
Кездесу соңында тараптар өзара ұсыныстарды терең зерделеп, алдағы уақытта нақты келіссөздер арқылы әріптестікті нақты іс жүзінде жалғастыруға уағдаласты.
Иә, бүгінгі Түркістан – болашақтың Түркістаны. Шетелдік капиталмен арада сенімді көпір орнату арқылы бұл өңір алдағы уақытта өндірістің, терең өңдеудің және туризмнің жаңа кезеңіне аяқ басуға толық қауқарлы. Қасиетті мекен енді тек рухтың ғана емес, экономикалық өрлеудің де ордасына айналуда.