RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ – ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СЕРПІЛІСТІҢ АЛДЫҢҒЫ ШЕБІНДЕ: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖЕДЕЛДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Түркістан – ғасырлар қойнауынан сыр шерткен тарих пен заманауи индустрия тоғысқан қасиетті мекен. Бүгінде бұл өңір тек рухани емес, экономикалық жаңғырудың да алтын діңгегіне айналып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында осы серпінді бағыттағы ауқымды жобалар жан-жақты талқыланып, нақты шешімдер қабылданды.

Кездесу барысында аймақ басшысы бұған дейінгі хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын қатаң бақылап, жаңа өндірістік жобаларды іске асыруда енжарлыққа жол берілмейтінін кесіп айтты.

– **Бүгінгі Түркістан – болашағы зор, әлеуеті айқын өңір. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті нақты іске айналдыру. Облыс экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, республикалық дотациядан шығаруымыз керек. Әрбір жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі. Мемлекет тарапынан барлық қолдау бар. Енді тек ширақ қимыл, жүйелі жұмыс қажет. Біз әр жобаның табысты іске асуына тікелей араласамыз, қолдау көрсетеміз. Қиындықтар болса, кедергілерді жедел шешіңіздер. Әр күн, әр сағат бағалы, – деп атап өтті Нұралхан Оралбайұлы.

Отырыста облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков өңірдегі инвестициялық жобалардың жай-күйі туралы баяндап, инфрақұрылыммен қамту бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

Атап айтқанда:

🔹 Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік аймақта орналасқан «TALIFA» ЖШС кептірілген жемістерді өндіру жобасын іске асыруда. Қазіргі уақытта кәсіпорынның өндірістік ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласына 30 тоннадан астам кептірілген жүзім жеткізіліп, зауыт жақын арада іске қосылмақ.

🔹 «Turkistan» индустриялық аймағында «Мұнай Инвестмент Групп» ЖШС битум өндіретін зауыт пен қойма құрылысын қолға алды. Жобаның аясында 5 шақырымдық теміржол желісі жаңартылып жатыр.

🔹 Шардара ауданында «Казкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу зауытын салуда. Бүгінде 400 гектар алқапта жүгері егу жұмыстары басталды.

🔹 Сонымен қатар, тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауыт, жиһаз фабрикасы, ет комбинаты, бу қазандықтарын құрастыратын кәсіпорын сынды жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылым мәселесі көтерілді.

Бұдан бөлек, облыстың инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында 2025-2028 жылдарға арналған 110 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Ал биылдың өзінде 322 миллиард теңге көлеміндегі 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 6908 жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр.

Иә, бұл бастамалар Түркістанның тек мәдени емес, өндірістік орталық ретінде де дамып келе жатқанын айғақтайды. Облыс басшылығының нақты көзқарасы мен табанды қадамының нәтижесінде Түркістан өңірі еліміздің инвестициялық картасында жаңа биіктерге көтерілуге толық дайын.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда жоғары технологиялы өндірістің жаңа тынысы ашылуда

redaktor_rastimes

Жазғы шаттық — балалықтың жарқын естелігі: Түркістанда сауықтыру маусымы басталды

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

redaktor_rastimes

Пікір жазу