RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан өндіріс өрісін кеңейтуде: әріптестік пен инвестиция бағытындағы келіссөздер жалғасуда

Түркістан облысында индустриялық даму күн тәртібінен түскен емес. Аймақтағы өндірістік әлеуетті жаңа деңгейге көтеріп, кәсіпкерлік ортаға тың серпін беру – өңір басшылығының басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта аймақ әкімдігі тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынып, шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнатылуда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы аптада халықаралық ірі құрылыс материалдары өндіруші – «Хайдельберг Материалз Қазақстан» компаниясының басқарма төрағасы Михаил Доковпен кездесті. Жүздесуде өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, Төлеби ауданындағы бай шикізат қорларын тиімді игеру және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолайлы ахуал жайлы айтып өтті. «Бүгінгі таңда Түркістан облысы инвестициялық және индустриалдық жобаларға барынша ашық. Кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп, қажетті инфрақұрылым жүйелі түрде дамытылуда. Бүгінгі кездесу – өзара сенімді серіктестікті нығайтудың нақты көрінісі», – деді Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде Михаил Доков компанияның атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Қос тарап Түркістан жеріндегі жобаларды іске асыруда ашық диалог орнатып, ұсыныс-пікірлерді ескеруге келісті.

Айта кету керек, Түркістан облысы кейінгі 7 жыл ішінде қарқынды даму жолына түсті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,6 есе артып, 4,5 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі 1 214 миллиард теңгені құрап, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар іске қосылды. Ауыл шаруашылығы саласы да елеулі жетістікке қол жеткізіп, өндірілген өнім алғаш рет 1 триллион теңгеден асты.

Экономиканы ілгерілетуде инвестицияның орны бөлек. 2018 жылдан бері облысқа 1335 миллиард теңге инвестиция тартылса, тек биылдың өзінде 387,8 миллиард теңгеге жуық қаржы құйылған. Оның ішінде 199,3 миллиарды – жеке, ал 128,7 миллиарды – бюджеттік инвестициялар.

Осындай оң көрсеткіштер мен сенімді қадамдар – Түркістан облысының өндірістік қуатын арттыру жолында сәтті бастамаларға жол ашуда. Жергілікті билік пен халықаралық компаниялар арасындағы осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да экономикалық байланысты тереңдетіп, аймақтың әлеуетін толық ашуға ықпал ететіні сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Орал қаласында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

redaktor_rastimes

Түркістандық есешілер ел чемпионатында ерекше көзге түсті

redaktor_rastimes

ҚР Премьер‑министрінің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды

redaktor_rastimes

Пікір жазу