RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарСаясат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕУРОПА ЕЛДЕРІНІҢ 20-ҒА ЖУЫҚ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Еуропаның 20-ға жуық мемлекетінің Қазақстандағы елшілерімен кездесті. «Достық үйі» ғимаратында өткен басқосу барысында өңірдің инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылып, өзара байланыстарды нығайту мен әріптестік орнату жолдары талқыланды.

Өңір басшысы мәртебелі меймандарға Түркістанның тарихи және экономикалық маңызы жөнінде баяндама жасап, қатысушылардың назарын аймақтың даму мүмкіндіктеріне аударды.

– Сіздерді Түркі дүниесінің рухани ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан – еліміздің тарихи-мәдени орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аймақты дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Батыс пен шығыс арасындағы сауда қатынастары және көптеген тарихи нысандар Түркістанның Орталық Азиядағы инвестициялар мен туризмді тартудың орталығы болуына мүмкіндік береді. Қаланың жүрегі – түркі халықтарының рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетіне ие. Халық тығыз орналасқандықтан, аймақта жұмыс күші мен кадрлар жеткілікті. Біздің облыс бизнеске бағытталған. Мұнда 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде 160 шетелдік инвестор қатысатын компаниялар жұмыс істейді. 2018 жылдан бері облысқа 9 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның 63 пайызы – жеке инвестициялар. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздеріне бағытталуда. Қазіргі таңда өңірдің қоржынында 110-ға жуық инвестициялық жоба бар. 2025-2028 жылдары 19 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Облыста «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, индустриалды аймақтар мен өндірістік парктер жұмыс істейді. Еуропа кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Қазақстандағы Еуропалық Одақ елшісі Алешка Симкич сапардың мақсаттары туралы айтып, өзара ынтымақтастықты нығайтуға қолдау білдірді. Еуроодақ өкілдері Түркістан облысының әлеуетін жоғары бағалады.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич пен өзге де елшілер Түркістан халқының қонақжайлылығына алғыс айтып, іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендіктерін білдірді. Олар аймақтың туристік нысандарын аралап, тарихи және мәдени мұраларға қызығушылық танытты. Сондай-ақ, инвестициялық жобалар мен шетелдік инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктер жөнінде ақпарат алды.

Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов пен «Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Өмірзақ Юсупов аймақтың туристік және инвестициялық әлеуеті жайында жан-жақты мәлімет ұсынды.

Ұлыбритания, Польша, Хорватия, Австрия, Болгария, Кипр, Эстония, Германия, Грекия, Венгрия, Швейцария, Латвия, Словакия және басқа да Еуропа елдерінен келген елшілер мен дипломатиялық делегация Түркістан облысы жайлы толық мағлұмат алды.

Кездесуден кейін еуропалық елшілер Түркістан маңындағы шағын өндірістік парк пен индустриалды аймақтарды аралап, олардың мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ, тарихи және туристік орындарға арнайы экскурсия ұйымдастырылып, меймандарға Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен жаңғырған Түркістан шаһары таныстырылды.

Ұқсас жаңалықтар

«Жастар. Энергия. Болашақ» Қостанайда есірткіге қарсы форум өтті

redaktor_rastimes

Үкіметте сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері талқыланды

redaktor_rastimes

Ұлттық банк валюта нарығы туралы хабарлама таратты

admin_rastimes

Пікір жазу