RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖЫЛЫЖАЙ КЛАСТЕРІНІҢ ЖАҢА ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

Түркістан өңірі тағы бір маңызды жобаның іске асуымен ел назарында. Бұл жолы аграрлық сектор мен ғылым, білім және туризм салаларын өзара біріктіретін заманауи кешенді жылыжай базасын құру жоспары қолға алынып отыр. Аталған жоба тек өндірістік көрсеткіштерді емес, бүкіл өңір экономикасын жаңа белеске шығарады деп күтілуде. Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қытай Халық Республикасының мемлекеттік компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Янь Цзе мырзамен кездесу өткізді. Жүздесуде ауыл шаруашылығы саласындағы стратегиялық серіктестік, инновациялық жылыжай өндірісін дамыту және инвестициялық жобаларды өңірлік деңгейде жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Бұл бастама агроэкономиканың жаңа бағытына жол ашып отыр. Инновациялық жылыжай моделі – ауыл шаруашылығындағы автоматтандыру, тиімділік пен тұрақтылықты бір арнаға тоғыстыратын тың әдіс. Жобаның аясында индустриялық аймақта болат құрылымдарын шығаратын зауыт, бірнеше жоғары технологиялы жылыжай кешендері, сапалы көкөніс өндіретін алқаптар және агротуризм бағытындағы арнайы орталықтар қатар бой көтереді. Аталған кешенде ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл он екі ай бойы тұрақты өндірумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыру және логистикалық жүйені дамыту көзделіп отыр.

Айрықша атап өтерлігі – жоба аясында білім мен ғылымды ұштастыратын ғылыми-тәжірибелік орталық та құрылмақ. Бұл орталық жергілікті жоғары оқу орындарымен серіктесе отырып, студенттер мен жас ғалымдарға жылыжай жағдайында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Онда өсімдіктердің өнімділігін арттыруға арналған тың әдістер сыналып, нәтижесінде алынған технологиялар жеке қосалқы шаруашылықтарға бейімделіп, ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзі ретінде ұсынылмақ. Бұдан бөлек, агротуризм бағыты арқылы туристерге жылыжайда өнім теру, ұлттық тағам әзірлеу сынды қызықты шараларға қатысу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл өз кезегінде Түркістанның туристік әлеуетін жаңа қырынан ашады.

Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің инвестициялық артықшылықтарына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген индустриялық аймақтар мен «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы секілді тиімді алаңдар бар. Сонымен қатар, ол Хэйлунцзян провинциясының вице-губернаторы Чжан Цисян мырзаның сапары кезінде басталған екіжақты келіссөздер бүгінгі күні нақты қадамдармен жалғасып жатқанын атап өтті. Әкім өз сөзінде: «Түркістан облысы – ауыл шаруашылығында, соның ішінде жылыжай көкөніс өндірісінде еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Біз өнім көлемін ғана емес, оның сапасын жақсартуға, технологиялық мүмкіндіктерді кеңейтуге ерекше мән беріп отырмыз. Тамшылатып суару жүйелері, автоматтандырылған басқару, агробақылау жүйелері сияқты озық агротехнологияларды енгізу арқылы біз ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашып отырмыз. Қытайлық және қазақстандық компаниялардың бірлескен жобаларға қатысуына біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді боларына сенеміз», – деді.

Шын мәнінде, Түркістан облысында жүзеге асырылатын бұл кешенді жылыжай жобасы – ауыл шаруашылығынан тыс, ғылым мен білім, туризм мен кәсіпкерлікті қатар дамытатын ауқымды бастама. Мұндай көпқырлы жоба аймақтың экономикалық құрылымын әртараптандырып, ауылдық жерлердегі халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, жергілікті өнімнің сапасын халықаралық деңгейге жеткізуге бағытталған. Түркістан өңірі бұл тұрғыда өзіндік даму үлгісін көрсетіп, бүкіл республикаға үлгі боларлық бастамаларға жол ашып отыр.

Қазіргі таңда Түркістан облысы республика бойынша жылыжай өндірісінің басты орталығы саналады. Қазақстандағы жылыжайлардың басым бөлігі осы аймақта орналасқан. Жалпы саны 1 289 жылыжай кешенін құрайды, олардың жалпы көлемі – 713 гектар. Бұл жылыжайлардың басым бөлігі көкөніс өсіруге бағытталған. 2023 жылы өңірде 83 931 тонна көкөніс өндірілгені – бұл саланың қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Аграрлық секторда заманауи технологиялармен қаруланған Түркістан – бүгінгі таңда елдің жылыжай агробазасына айналуға жақын. Бұл жобаның іске асуы тек Түркістан өңірінің емес, күллі елдің агроөнеркәсіптік келешегіне тың серпін берері сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕЛКЕНДІ СПОРТ ШЕБЕРЛЕРІ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

redaktor_rastimes

Қазақстан халқының саны туралы мәлімет жаңарды

admin_rastimes

Алатау қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру келешегі талқыланды

redaktor_rastimes

Пікір жазу