RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Тұран төсінде төгілген күй: Түркістанда күй өнерінің жас саңлақтары анықталды

Ұлттық домбыра күніне орай рух пен өнердің киелі мекені Түркістан қаласында көрерменді тебіренткен ерекше мәдени оқиға өтті. Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Тұран даласының күйлері» атты қалалық күйшілер байқауы – төл өнердің тұғыры биік екенін тағы бір мәрте айғақтады. Бұл байқау – қазақтың дүлдүл композиторы, дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын насихаттау мен ұлттық музыкалық өнерді жас буынның жүрегіне ұялатуды мақсат еткен тағылымы мол дүние болды.

Шара Нұрғиса Тілендиевтің елге кеңінен танымал «Әлқисса» күйімен шымылдығын түріп, күй құдіреті бір сәтте төрге озды. Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мусағалиев сөз алып, байқауға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, ұлттық өнердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткерлер Нұрғиса Тілендиевтің бір күйін орындаса, екінші бөлімде қатысушылар қазақтың шертпе күй мектебінің жауһарларынан бір туындыны орындап, шеберліктерін шыңдады. Қатысушылар 8-14 жас аралығындағы кіші топ және 15-21 жас аралығындағы үлкен топ болып екі санатта өнер көрсетті. Жалпы саны 26 үміткер ұлттық киіммен сахнаға шығып, күйді жүрекпен сөйлетіп, тыңдаушыны күй сазы арқылы өткеннің үнін естіртті.

Қазылар алқасы құрамында өз саласының білікті мамандары төрелік етті. Қазылар алқасының төрағасы, «Яссы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Ерлан Жақыпбеков, Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Мұрат Жұманов және педагогика ғылымдарының магистрі, кәсіби домбыра пәнінің ұстазы Данакөз Үргенішбаева қатысушылардың орындаушылық шеберлігін, күй мәнерін, сахналық мәдениетін ескеріп, әділ бағасын берді.

Байқау қорытындысында кіші топ арасында ең жоғары марапат — Бас жүлде Түркістан балалар саз мектебінің тәрбиеленушісі Марат Айнараға бұйырды. I орын Сабитбек Нұрасылға табысталса, II орын жүлдесін Бақытжан Мейіржан, Ұзақбай Ералы және Жұмағали Раййан иеленді. Ал III орын Базарбай Алпамыс, Қожанберді Нұрасыл және Егемберді Бақдәулет есімді жас күйшілерге бұйырды.

Үлкен топта күй сазы мен шеберлік өзгеше өрілген Құрманғали Мырзахмет Бас жүлдені жеңіп алды. I орын Оспанова Ақжарқынға, II орын Мәткен Аяулым мен Шекербек Құдіретке бұйырса, III орын Көшентай Әнуар, Сейдуллақызы Зарина және Әкетай Арман есімді қатысушылардың еншісіне тиді.

Сахна төрінде ұлттық өнерді ұлықтап, жүрекке жылы күй толқынын дарытқан барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Шараның соңында ұстаздар мен ата-аналар ұйымдастырушыларға ерекше ризашылықтарын білдіріп, осындай байқаулардың жас таланттарды қанаттандырып, олардың болашағына жарқын жол ашатынын айтып өтті.

Бұл күй сайысы – домбыраның шанағынан төгілген үннің тек өнер ғана емес, ұлттың үні, жүректің лүпілі екенін тағы да дәлелдеді. Түркістан төрінде күмбірлеген күй – тарихтың тілімен, өнердің өрнегімен келешекке жол тартты.

Ұқсас жаңалықтар

ҮЕҰ-ға арналған грант байқауы басталды

redaktor_rastimes

Aқтөбеде жаңа таңайындау

redaktor_rastimes

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған телефон арқылы сөйлесті

redaktor_rastimes

Пікір жазу