RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түлкібас түледі: алып зауыт, жаңа жұмыс орындары және туристік серпіліс

Түлкібас төрінде тың серпіліс пен дамудың жаңа кезеңі басталды. Аудан экономикасы инвестициялық толқынмен толығып, өндіріс пен туризм, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салада өрлеу бағытына бет алды. Бұл жайында аудан әкімі Асқар Естібаев өңірлік баспасөз мәслихатында кеңінен баяндап, нақты жобалармен бөлісті.

2025 жылға жоспарланған ең ірі жобалардың бірі – Састөбе кентінде салынып жатқан «Састөбе инновациялық кешені». Құны 180 миллиард теңге болатын бұл алып кешеннің өндірістік қуаты жылына 1 миллион тонна цемент, 200 мың тонна кальций карбиді, 120 мың тонна ПВХ, 100 мың тонна каустикалық сода және 400 мың тонна әк өндіруге бағытталған. Кешен толық іске қосылған кезде 940 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Бұл – бір ғана аудандағы экономикалық серпіліс қана емес, тұтас Түркістан өңірі үшін стратегиялық маңызы бар жоба.

Сонымен қатар, «Beibars Bottlers» ЖШС-і ауыз су мен түрлі сусындар шығаратын зауытын іске қосып, өндірістік әлеуетті арттыруда. Ал «Түлкібас әк зауыты» толық қайта құрылымдаудан өтіп, жылына 150 мың тонна әк өндіруге қауқарлы жаңа кәсіпорынға айналмақ. Бұл жобаға 1,2 млрд теңге инвестиция қарастырылып отыр. Нысан іске қосылғанда тағы 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы қаңтар мен мамыр аралығында 29,9 млрд теңгені құраса, негізгі капиталға бағытталған инвестиция 15 млрд теңгеге жеткен. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 81,6 пайызға артық.

Түлкібас туризм бағытында да тың бастамалармен ерекшеленіп отыр. Иірсу елді мекенінің маңынан 100 гектар жерге мәдени-сауықтыру және емдік бағыттағы рекреациялық аймақ құру жобасы әзірленіп, облыс әкімдігіне ұсынылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы құны 2,3 млрд теңге болатын үш ірі туристік жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі – «Ақсу-Жабағылы» шипажайын қайта құрылымдау арқылы оның сыйымдылығын 500 орынға дейін арттыру көзделуде.

Ал Кершетас ауылындағы «Патсаев К» туристік аймағы мен Машат ауылындағы «А.Бакеев» демалыс аймағы бүгінде құрылысты аяқтап, іске қосылуға таяу. Жалпы алғанда, осы жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 175 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығы саласы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда құны 3,9 млрд теңге болатын бірнеше маңызды жоба қолға алынды. Олардың қатарында үш жеміс-жидек сақтау қоймасы, екі алма бауы және бір балық шаруашылығы бар. Бұл жобалар тек өнім өндіруді емес, сапалы сақтау мен экспорттық әлеуетті де арттыруды көздейді.

Аудан халқы үшін ең маңыздысы — әлеуметтік инфрақұрылым. Бүгінгі таңда Түлкібаста 104 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспанамен қамтылу деңгейі артып келеді. Биыл екі фельдшерлік-акушерлік тірек ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дейін бес мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, білім ошақтарының сапасы мен қауіпсіздігі жақсартылмақ.

Айта кетерлік тағы бір жетістік — аудандағы 59 елді мекеннің барлығы толықтай газбен және ауыз сумен қамтылған. Мұндай көрсеткіш өңірлік дамудың, әлеуметтік әділеттіліктің нақты дәлелі деуге болады. Сонымен қатар, 18 шақырым жолды қамтитын 18 көшенің жөндеу жұмыстары басталып, 13 ішкі көше мен үш аудандық жолды орташа жөндеуге сметалық құжаттар дайындалып, құзырлы басқармаларға ұсынылды.

Қорыта айтқанда, Түлкібас ауданы бүгінде өндірістік әлеуеті артып, туризм саласы түрленіп, ауыл шаруашылығы жанданған, инфрақұрылымы жаңарып келе жатқан келбетті аймаққа айналды. Бұл жетістіктер – жүйелі жоспардың, жауапты басшылықтың және халықтың сенімінің жемісі. Енді осы игі істердің нәтижесі әр тұрғынның тұрмысынан көрініс табары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Балғын балалықтың балдай демалысы: Түркістанның таулы шатқалында лагерь маусымы ашылды

redaktor_rastimes

Кездесулер өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға арналды

redaktor_rastimes

МИНИСТР ТЕРІСКЕЙДЕ БОЛЫП, ЖАҒДАЙҒА ҚАНЫҚТЫ

Пікір жазу