RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтартуризм

Түлкібас төрінде жаңғырған жолдар: ауыл көшелеріне жан біте бастады

Түлкібас – табиғаты көркем, тарихы терең, халқы еңбекқор аудан. Осы бір шырайлы өлкеде биыл елдің тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Елді мекендердің әлеуметтік жағдайын көтеріп, инфрақұрылымын жаңартуға арналған бұл бастама Түлкібас жұртшылығына да сәтімен жетіп, үш бірдей ауылдық округтің бес ауылында жалпы саны он сегіз көшеге жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Атап айтқанда, Майлыкент, Машат және Ақбиік ауылдық округтеріндегі Т.Рысқұлов, Бақыбек, Ақбиік, Машат пен Құлан елді мекендерінің ішкі жолдары жөнделіп, тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз қатынас мүмкіндігін сыйламақ. Қарапайым ауыл адамы үшін жолдың жақсаруы – тұрмыстың түзелуімен пара-пар.

Осы орайда аудан әкімі Асқар Естібаев Майлыкент ауылдық округінің құрамындағы Т.Рысқұлов ауылына арнайы барып, орташа жөндеуден өтіп жатқан Бекбосынов көшесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Ауыл тұрғындары үшін бұл көше маңызды жолдардың бірі. Ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын бұл көше бойымен күн сайын балалар мектепке, үлкендер базарға, шаруалар егістікке қатынайды.

Жөндеу жұмыстарын «Мақтааралдорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Мердігер компанияның мәлімдеуінше, бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қалған жұмыстары жоспарға сай жүріп, маусым айының соңына дейін толық аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілмек.

Аудан басшысы мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, жол сапасына ерекше назар аудару қажеттігін қадап айтты. Уақытылы және сапалы орындалған жұмыс – халықтың сенімін ақтайды. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары кезінде жергілікті тұрғындарға қолайсыздық туғызбас үшін барлық қауіпсіздік талаптарының сақталуы керектігі де нақты тапсырылды.

Жөнделген жол – жай ғана асфальт емес. Бұл – ауылдың тынысын ашатын, халықтың жүріп-тұруын жеңілдететін, әсіресе жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттыратын маңызды инфрақұрылым.

Бүгінде ауылдағы ағайын жаңарып жатқан көшелерге қарап, үлкен үміт артады. Елді мекендерді көркейту – ауылға деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Әр көше жаңарған сайын елдің еңсесі де биіктеп келеді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының арқасында Түлкібастың топырағында тиянақты тірлік пен тың серпін қатар өріліп келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді

redaktor_rastimes

Кемсітушілікке қарсы заңнаманы әзірлеу жайы талқыланды

Қазақстанда үш әуежайдың құрылысы басталды

redaktor_rastimes

Пікір жазу