RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Төлеби өңірі қарқынды даму үстінде: бес айда жалпы өңірлік өнім көлемі 53,1 млрд теңгеге жетті

Төлеби ауданында 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 53,1 млрд теңгені құрап, аудан экономикасының өсімі айқын аңғарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда елеулі ілгерілеуді білдіреді. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 435 мың теңгеге жетіп, өсім 30,6 пайызды көрсетті.

Аталған көлемнің 57,2 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі болса, 21,9 пайызы ауыл шаруашылығы, 18,7 пайызы сауда саласына және 2,2 пайызы құрылыс секторына тиесілі. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,1 млрд теңгеге дейін артып, бұл салада да тұрақты серпін байқалуда. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл жобалар нәтижесінде 180 жаңа жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да айтарлықтай жетістіктер байқалуда. 2025 жылдың бес айының қорытындысы бойынша ауданда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10 831 бірлікті құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 820 кәсіпкерлік нысанға артты. Бұл өсімнің нәтижесінде 14 405 азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Бұл – аудандағы кәсіпкерлік белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Өндіріс көлемі де өсіп, 2025 жылдың 5 айында 41,3 млрд теңгеге өнім өндірілді. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының тұрақтылығын, бизнес пен өндірістің өзара тиімді байланысын білдіреді. Аудан әкімдігі тарапынан инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді.

Бүгінде Төлеби өңірі — инвестициялық тартымдылығы жоғары, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған аумақ ретінде қалыптасып келеді. Экономиканың түрлі секторларында тіршілік қыз-қыз қайнап, жергілікті халықтың әл-ауқаты артуда. Осындай ілгері қадамдардың арқасында Төлеби ауданы алдағы уақытта да облыс көлеміндегі үлгілі өңірлердің біріне айналары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Абайдың рухымен қауышқан рухани жиын: Ассамблея жастары Абай оқуларында бас қосты

redaktor_rastimes

Қазақстанда 30 млн. тонна астық сақтауға мүмкіндік бар

Заңгер орнына чат-бот

redaktor_rastimes

Пікір жазу