Жергілікті руханият пен білім ордасына тағылымды тарту жасалып, ел игілігіне арналған игі істің тағы бір жарқын үлгісі Жетісай ауданында орын алды. Ұзақ жылдар бойы аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып, елге еңбегімен танылған ардагер азамат, жерлесіміз Бақтыбай Қиянбекұлы Әліпов аудандық кітапханаға арнайы келіп, ауданымыздың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «60 жылдыққа – 60 кітап» атты кітап сыйлау акциясына қолдау білдіріп, өзінің атынан кітапхана қорына 100 дана құнды кітапты тарту етті. Бұл – рухани байлықтың бағасын терең түсінетін, сөз өнерінің құдіретіне иілген тұлғаның үлкен жанашырлығы мен шын ниетінен туған шапағатты іс. Кітап – адамзат ақыл-ойының мәңгі мұрасы, ал оны көпшілікке қолжетімді ету – елге жасалған ерекше қамқорлық. Өз сөзінде Бақтыбай Қиянбекұлы мемлекеттік қызмет саласында жүріп өткен ұзақ жолына шолу жасап, ауданның бүгінде өсіп-өркендеп, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артып келе жатқандығын атап өтті. Оның бұл үлгі боларлық бастамасы кітапхана қорын толықтырумен қатар, жастардың білімге, оқуға деген құлшынысын арттырып, мәдениетті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосары сөзсіз. Іс-шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен кітапхана қызметкерлері рухани байлықты арттыруға атсалысқан ардагерге алғыстарын білдіріп, шынайы ризашылықтарын жеткізді. Осындай жанашыр азаматтардың қолдауы арқылы кітапхана қоры жаңарып, болашақ ұрпаққа мирас болатын асыл қазынамыз – кітаптың құны арта бермек. Білімге салынған бұл көпір – уақытпен бірге жаңғыратын, ғасырдан ғасырға жалғасатын өлшеусіз мұра.