RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САУРАНДАҒЫ ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ЖАҢА ДЕМ БЕРУДЕ

Түркістан өңіріндегі ірі жаңғырулардың бірі – Сауран ауданында бой көтеріп жатқан индустриялық аймақтар. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің осы ауданға жасаған жұмыс сапары барысында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар таныстырылды. Бұл бастамалар тек кәсіпкерліктің дамуына ғана емес, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатына да серпін беріп отыр.

2024 пен 2026 жылдар аралығында Сауран ауданында бес бірдей индустриялық аймақ бой көтереді деп жоспарланған. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде жалпы көлемі 55 гектарға жуық жер өндіріс ошақтарына бөлінген. Бұл аймақтарда 115 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум жасалып, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл көрсеткіш – өңірде кәсіпкерлікке деген қызығушылықтың артқанын және жасалып жатқан жағдайдың бизнес иелері үшін қолайлы екенін айғақтайды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, өндірістік аймақтар тек кәсіпкерлікті жандандырып қоймай, тұрақты табыс көзін қалыптастырып, халықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ол өз сөзінде: «Өндірістік аймақтар – инвестиция тартудың, кәсіпкерлік белсенділікті күшейтудің және еңбек нарығын қолдаудың тиімді жолы. Біз кәсіпкерлерге инфрақұрылымдық қолдау көрсетіп, өнімдерін нарыққа шығару процесін оңтайландырып отырмыз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына жасалған инвестиция», – деп атап өтті.

Сапар аясында облыс басшысы алдымен Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» индустриялық аймағына барды. Мұнда 9 гектар жерге 24 жоба шоғырландырылып отыр. Қазіргі таңда оның 16-сында құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұл аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар ашылмақ. Жалпы инвестиция көлемі 6,3 миллиард теңгені құраса, 600-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Ал Қарашық ауылында орналасқан 10 гектарлық өндірістік аймаққа 20 жоба орналастырылады. Қазіргі таңда 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабындар, пластикалық ыдыстар, тігін және жиһаз өндірісі салаларында кәсіпорындар ашылады. Жобалардың жалпы құны 4,5 миллиард теңге, ал ашылатын жұмыс орындарының саны 170-ке жуық.

Жүйнек ауылдық округінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған «MinPromKaz» ЖШС-і орналасқан. Мұнда 5 гектар жерге құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім шығарып, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Ал осы өңірде жұмыс істеп жатқан «ASIA BREND» және «DIVALUX» жиһаз өндіруші кәсіпорындары бүгінде өз өнімдерін тек жергілікті нарыққа ғана емес, еліміздің басқа да өңірлеріне жөнелтуде. Бұл екі зауытта 150-ге жуық адам еңбек етіп жүр. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар, кәсіби машықтарын осында жетілдірген. Өндірістік материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар арнайы дайындықтан өтеді.

Шорнақ ауылында да индустриялық аймақ бой көтеріп келеді. Мұнда 8 гектар жерге жиһаз өндірісіне бағытталған кәсіпорындар шоғырланбақ. Ал Үшқайық ауылдық округінде 18 гектар аумақта 37 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар 2025 пен 2030 жылдар аралығында іске асырылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы бағытындағы инвестициялық жобалар да қатар қолға алынуда.

Бүгінде Сауран ауданындағы индустриялық аймақтар – Түркістан облысы экономикасының жаңа тынысы. Бұл өндірістік белдеулер тек инвестиция тартуға ғана емес, халықты жұмыспен қамтуға, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға жол ашуда. Алдағы уақытта бұл бастамалар бүкіл Түркістан өңірін өндірістік-экономикалық орталықтардың біріне айналдыруы бек мүмкін.

Ұқсас жаңалықтар

1 МАМЫРДАН БАСТАП МОБИЛДІК БРИГАДАЛАРДЫҢ ЖҰМЫС ТӘРТІБІ ӨЗГЕРУДЕ: ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БАРЛЫҒЫНА ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛЫП ҚАЛАДЫ

redaktor_rastimes

ЭТНОС ӨКІЛДЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҮЙРЕТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

redaktor_rastimes

ТҮЛЕКТЕР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТӘРТІП: ТҮРКІСТАНДА АТТЕСТАТ ТАПСЫРУ ІС-ШАРАЛАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА ӨТЕДІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу