RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Ордабасыда өнеркәсіп пен туризм қатар өркендеп келеді: алюминий зауыты салынып, этнотуризмге жаңа леп қосылды

Тарих пен тіршіліктің тоғысқан мекені – Ордабасы ауданында ірі өндірістік және туристік жобалар жүзеге асып, өңірдің әлеуеті күн сайын артып келеді. Өткен аптада аудан аумағында отандық және өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған ақпараттық баспасөз туры ұйымдастырылып, журналистер қауымы өндіріс пен туризм саласындағы жаңа бастамалардың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты.

Баспасөз турының алғашқы бағыты – Ордабасы ауданына қарасты «Бадам» индустриалды аймағында бой көтеріп жатқан «CENTRAL ASIA ALUMINIUM COMPANY» ЖШС өндірістік кешені болды. Заманауи технологиямен жабдықталған бұл зауытта жылына 30 мың тонна алюминий профильдері шығарылатын болады. Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 4,4 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып, қазіргі таңда екінші кезеңі басталған. Болашақта мұнда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл – Ордабасы индустриясының дамуына тың серпін беретін, экспорттық әлеуеті жоғары өндіріс ошақтарының бірі болмақ.

Баспасөз туры тек өндіріс саласымен шектелмей, рухани және туристік бағыттағы маңызды нысандарды да қамтыды. Журналистер сапары Ордабасы тауының етегінде орналасқан, қазақтың үш биіне арналған «Бірлік» монументінде жалғасты. Бұл – ұлт тарихындағы ұлы тұлғаларға тағзым етіп, бірлік пен ынтымақтың мәңгілік құндылығын дәріптейтін қасиетті орын. Аумағында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан бұл кешен бүгінде туристер жиі келетін тарихи-рухани орталыққа айналған. Ескерткіш демеушілер есебінен бой көтергенін атап өту орынды. Ел игілігіне берілген бұл монумент – ұрпаққа тағылым, рухқа азық.

Бұдан кейін баспасөз турының қатысушылары Темірлан ауылындағы жаңадан бой көтерген «Этно ауыл» кешеніне табан тіреп, туризм саласындағы ерекше жобалармен танысты. Солардың бірі – елімізде баламасы жоқ, бірегей бағыттағы «AIR CRAFT» жобасы. Шұбар ауылдық округінде орналасқан 54 гектар аумақты алып жатқан бұл жоба аясында ұшқыштар даярлау мен ұшақ жасау ісі қолға алынған. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын бастама 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, елдегі авиация саласының дамуына өзіндік үлесін қоспақ. Бұл – тек өндіріс емес, сонымен қатар білім, ғылым және инновацияны қатар дамытатын заманауи орталыққа айналмақ.

Сонымен қатар, журналистер назарына аудан орталығында жаңадан ашылған «Темірші» демалыс аймағы да ұсынылды. Бір мезетте 300-ге жуық адамға қызмет көрсете алатын бұл кешен – жергілікті жеке кәсіпкердің қаржысына салынған. Қазіргі таңда 30 адам тұрақты түрде жұмыс істейтін демалыс орны табиғатпен үндесіп, туризм мен кәсіпкерліктің табысты үйлесімін паш етіп отыр. Шағын және орта бизнесті дамытуда, халыққа қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын қалыптастыруда мұндай жобалардың рөлі зор.

Ұқсас жаңалықтар

“ТҮРКІСТАН-САМАРҚАНД” БАҒЫТЫНДАҒЫ ӘУЕ РЕЙСІ АШЫЛДЫ

redaktor_rastimes

Түркістан өңірі егістікке ерте қамданды

Түркістан жастарының тың серпіні: «Asyl MURA» волонтерлік жобалар байқауы – ізгілікті істердің алтын көпірі

redaktor_rastimes

Пікір жазу