Түркістан өңіріндегі Ордабасы ауданында ел игілігіне бағытталған жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, ауыл өмірінің сапасын арттыруға арналған ең өзекті жобалардың бірі — табиғи газбен қамту ісі бүгінде нақты нәтижесін беріп отыр. Соның бір айғағындай, Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке және Сарытоғай елді мекендеріне көптен күткен «көгілдір отын» беріліп, жұртшылық қуанышқа кенелді.
Ауыл аспанында от тұтанып, жер астымен тартылған жылу арнасы үйлерге қарай тартылған сәт – әр шаңырақ үшін тарихи оқиғаға айналды. Осы қуанышты күнде өткен салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш арнайы келіп, ауыл тұрғындарын құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде бұл істе облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың қолдауы ерекше болғанын айтып өтті. Ел азаматтарының бірлігі мен мемлекет қамқорлығы арқасында ауылға жан бітті, тіршілікке жаңа серпін енді.
Депутат Дулат Әбіш бұл игілікті қадам — Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған тапсырмалары аясында іске асып отырғанын тілге тиек етіп, ауыл халқына ақжарма лебізін арнады. Өз кезегінде ауыл қариялары мен тұрғындары елге қызмет етіп, тіршіліктің тамырына нәр беріп жүрген азаматтарға жүректен шыққан алғысын айтып, ақ батасын жаудырды. Айта кету керек, Ордабасы ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2021 жылы қарқынды қолға алынған болатын. Мемлекеттік бюджет есебінен бөлінген қаржы негізінде 25 елді мекенге газ тарту жобасы басталды. Аудан әкімінің үйлестіруімен және үздіксіз бақылауының нәтижесінде соңғы екі жылда бұл бағыттағы жұмыстар күрт жеделдеп, бүгінгі таңда 57 елді мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып отыр. Бұл дегеніміз – екі жылдың ішінде қамту көрсеткіші 15,7 пайыздан 63,1 пайызға дейін көтерілді. Мұндай өсім – тек есептің көрсеткіші ғана емес, бұл – әр шаңырақтағы күнделікті өмірге енген ыңғайлы, таза әрі үнемді отынның нышаны. Келесі кезекте аудан басшылығы Шұбарсу ауылын табиғи газбен қамтуды көздеп отыр. Биылдан бастап аталған ауылға газ жеткізуші магистралды құбыр құрылысын бастау үшін бастапқы қаржы бөлініп, жұмыстар қолға алынбақ. Сонымен қатар аудан көлеміндегі басқа да елді мекендерде жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, келесі жылдарда жүзеге асырылуы көзделуде. Жоспар нақты: алдағы екі жыл ішінде Ордабасы ауданы толықтай табиғи газбен қамтылып, ауыл өмірі мүлде жаңа деңгейге көтеріледі. Алайда бұл жұмыстың соңы емес, жалғасы да маңызды. Ендігі міндет – газ желісі келген ауылдарда тұрғындардың өз үйлеріне газ тарту жұмыстарын ұйымдастыру. Осыған орай аудан әкімі ауылдық округтер әкімдеріне жергілікті халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті қолдау көрсетуді тапсырды. Себебі орталықтан газ келіп тұрса да, әрбір үйге кіріп, пайдалануға берілмейінше, оның толық игілігі сезілмейді. Міне, осылайша, Ордабасы даласында көгілдір жалын қайта тұтанып, қарапайым ауыл тұрғындарының өмірі біртіндеп өзгеріп келеді. Бұл – тек ыңғайлы өмірдің нышаны ғана емес, ел мен елді мекеннің, мемлекет пен халықтың арасындағы сенім мен серіктестіктің шынайы көрінісі.