RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Ордабасы ауданында мектептерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Түркістан облысында білім беру саласын жаңғырту мен мектеп инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. 2025–2027 жылдары аралығында өңірдегі 115 мектеп реновациядан өтеді деп жоспарланса, соның ішінде Ордабасы ауданындағы 5 мектеп жаңғырту бағдарламасына енгізілген. Бұл бастама – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» және сапалы білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындаудың бір көрінісі.

Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барып, реновациядан өтіп жатқан бірқатар білім нысандарындағы жұмыстарды бақылап, сапасына баға берді. Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары алдымен Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда болды. 1986 жылы салынған бұл білім ошағында осы уақытқа дейін жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі таңда мектептің екі корпусы толық жаңартылуда. Мұнда 1600-ден астам оқушы екі ауысыммен білім алуда. Жөндеу жұмыстарына 307,7 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме ретінде «Ecosintez» ЖШС жұмыс жүргізуде.

Іссапар Шұбарсу ауылындағы «Атамекен» жалпы білім беретін мектебінде жалғасты. 2010 жылы қолданысқа берілген бұл үш қабатты білім ошағы 600 орынға есептелгенімен, қазіргі таңда мұнда 950-ден астам оқушы білім алуда. Бұл мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарына 185 млн теңге қарастырылған. Жөндеу жұмыстарын «Gold-ART» ЖШС мердігер компаниясы жүзеге асыруда.

Бейсенбай Тәжібаев мектептерді аралау барысында мердігер мекеме өкілдеріне және жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін толық аяқтап, мектептерді оқушылар игілігіне тапсыру, құрылыс сапасын бақылау, жұмыс күшін күшейту және материалдардың стандартқа сай болуын қамтамасыз ету талап етілді.

Айта кету керек, реновация тек ғимаратты жөндеумен шектелмейді. Бұл бастама аясында мектептердің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, жаңа парталар мен шкафтар, пәндік кабинеттер, заманауи модификацияланған жабдықтармен қамтылмақ. Сонымен қатар, оқушылардың дене тәрбиесіне жағдай жасау үшін сыртқы спорт алаңдары да жаңғыртылып, жаңа үлгіде салынады.

Жалпы бұл бастамалар қала мен ауыл мектептерінің арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтуға, оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, елді мекендердегі білім нысандарын жаңа кезеңге көтеруге бағытталған. Түркістан облысы алдағы уақытта да білім саласындағы жаңғыру үрдісін жалғастырып, өскелең ұрпаққа сапалы білім берудің берік негізін қалыптастыра бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Сақ болыңыздар: алаяқтар «Халық заңгері» республикалық акциясының атауын пайдалануда

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ГРАНТ БӨЛУДЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

redaktor_rastimes

МИНИСТР ТЕРІСКЕЙДЕ БОЛЫП, ЖАҒДАЙҒА ҚАНЫҚТЫ

Пікір жазу